Сенаттың отырысында Әділет министрі Марат Бекетаев полиция қызметкерлері көлік жүргізу құқығынан айыра алмайтынын айтты, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Egemen Qazaqstan газетінің сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Әділет министрлігі әзірлеген заң жобасында полиция қызметкерлерге сот шешімінсіз жүргізуші куәлігінен айыру құқығын беру ескерілген болатын. Алайда бұл ұсыныс қоғамда қызу талқыланып, көпшіліктің көңілінен шықпады. Соған байланысты ма, аталған кодекстегі тап осы түзетуге орай Әділет министрі «Бұл тек тұжырымдама ғана. Ал біздің ұстанымымыз бойынша, куәліктен айыру, әкімшілік қамауға алу және басқа да мәселелер сот тәртібімен шешілуге тиіс», деп өз пікірін түйіндеген болатын.
Демек, Ішкі істер министрлігі жоғарыдағы мәселе сот төрелігімен ғана шешілуі тиіс екенін құптайды. Өйткені жол ережесін бұзған жүргізушіні куәлігінен айыру заң бойынша қалыптасқан тәртіппен ғана жүзеге асуы керек. Яғни бұл процесті сот арқылы жүзеге асыру – оңтайлы тетік. Оны басқаша өзгертудің қажеттілігі жоқ. Ендеше қоғам талқысына шығарылып, түрлі қарсы пікірлер тудырған бұл кодекстегі түзетудің әлі де бір қайнауы кем болып тұрғаны байқалады. Оның үстіне Ішкі істер министрінің пікірі бойынша, арнайы құқықтан айыру құзыреті сот билігінде қалуы қажет. Демек, жүргізушілерді түрлі уайымға салған бұл ұсыныс әлі де терең талқылауды қажет ететіні сөзсіз. Яғни заң жобасын жүзеге асыратын мемлекеттік органдармен қоян-қолтық жұмыс жүргізіп, оның баршаға тиімді болу жағының реттелуін ескеру керек. Ал әзірге «сотсыз жүргізушілік куәліктен айырады» екен деген жоғарыдағы ақпараттардың да алыпқашпа сөз екендігін ескеру қажет.