Алматы облысы орталығы Талдықорған қаласында мемлекеттік қызметкерлер арасында отбасы слеті өтеді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облыстық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Отбасын құндылығын дәріптеу үшін 1993 жылдың 20 қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 15 мамырды Халықаралық отбасы күні ретінде бекіткен болатын. Осылайша, аталмыш мереке жылда әлем бойынша атаулы күн ретінде аталып өтеді. Осы мерекеге орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасы отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында «Бақыт жанында» жобасының бастау алатындығын жариялап, Алматы облысы Мемлекеттік қызметкерлерінің отбасы слетін өткізуді жоспарлап отыр. Оның барысында отбасылық жағдайда туындайтын мәселелер төңірегінде орамды ой қозғалып, талқы ұйымдастырылмақ. Оған ерлі-зайыпты екеуі де мемлекеттік қызметте істейтін 20-дан астам отбасы қатысатын болады. Шараға қатысатын жұптардың арасында жаңадан шаңырақ көтерген жастардан бастап үйленгеніне 30 жыл толған егде жастағы адамдар да бар.
– Слетке әр категориялардағы отбасыларды қатыстыру арқылы жас жұбайлар аға буын өкілдерінен үлгі алып, жанұялық береке-бірлікті бекемдеп, ата-бабадан жалғасып келе жатқан асыл қасиеттерді сақтауға ықпал ету – дейді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, 2019 жылғы статистика бойынша Алматы облысының мемлекеттік қызметшілерінің саны 7498 адамды құраса, оның ішінде 332 ерлі-зайыптылардың екеуі де мемлекеттік қызметші болып табылады.