Қазақстанда халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, мал шаруашылығындағы сақтандыру жүйесі қайта қаралып, отандық фермерлер міндетті сақтандырудан босатылатын болады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл шара ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің несиелік ресурстарға қол жетімділігін жеңілдетеді. Ол туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров халықпен есеп беру кездесуінде хабарлады. Оның айтуынша, тиісті нормалар Парламент Мәжілісінің депутаттары тарапынан бастама көтеріп, биылғы жылы қабылданатын болады.
– Сақтандыру жүйесі өзі тұжырымдамалық түрде қайта қаралатын болады. Атап айтқанда, міндетті сақтандыру ерікті сақтандыруға көшірілетін болады. Сондай-ақ, орын алған шығындарға сәйкес келетін ғарыштық мониторинг, статистика және сақтандыру төлемдерінің мөлшері сияқты сақтандыру талаптарын анықтау үшін объективті деректер көздерін пайдалану арқылы жүргізілетін болады. АӨК-нің қарапайым субъектілері осы қызметтерді пайдаланған жағдайда сақтандыру сыйлықақысының құны субсидиялардың есебінен арзанырақ болады – дейді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.