Бүгінде облыстың экономикасын дамыту мақсатында жан-жақтан инвестициялар тартылып, ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сондай бастамалардың бірі – облыс аумағында салынып жатқан жоба құны 70 миллиард теңгеге жуықтайтын ауқымды логистикалық парк. «Focus Logistics» ЖШС-нің қолға алған бастамасы аймақтың логистикалық инфрақұрылымын дамыту үшін жаңа мүмкіндік береді деп жоспарланған, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Аталған қойманың өткен жылы ірге тасы қаланып, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңі бойынша шамамен 94 га аумақтық жерде «OZON» компаниясына арналған «А» сыныпты қойманың құрылысы жүргізілуде.
Логистикалық парктің Үлкен Алматы айналма жолының бойында орналасуының өзіндік артықшылығы бар. Негізгі магистральда жолға жақын орналасқандықтан басқа аймақтармен қалаларға жеңіл байланысуға мүмкіндік береді.
Осындай ыңғайлы орынның арқасында логистикалық парк тауарларды тасымалдау және таратумен айналысатын компаниялар үшін тиімді орталыққа айналады деп күтілуде.
Айта кетейік, логистикалық парктың жобасы іске асса 4500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады, әрі 300 000 шаршы метрден астам қойма алаңы іске қосылады. Жоспарға сай жобаның аяқталу мерзімі 2028 жыл деп көрсетілген.