Кеше Қонаевта өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өтіп, оның барысында Алматы облысындағы су тасқыны жағдайы жайлы айтылды, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Жиында Төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Дәурен Азаматов облыста су тасқыны жағдайы тұрақты екенін айтып өтті. Оның айтуынша, жағдайдың қалыпты болғанына қарамастан бүгінде департамент қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, су тасқыны, сел және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу үшін барлық қажетті шараларды атқаруда. Күнделікті жасалатын мониторингтерден жиналған ақпаратқа сүйенсек, облыстағы ірі су қоймаларын толтыру әдеттегідей жүргізілуде, оның толтырылуы бүгінгі күні 30 пайыздан 97 пайызға дейін жетеді. Мұнан бөлек Алматы облысынан көмек ретінде тасқыннан зардап шеккен Абай ауданына 10 жеке құрам мен Атырау облысына 33 құрқарушы жіберілген.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыста елді мекендерді, жолдарды және басқа да нысандарды су басу фактілері тіркелмеген. Үстіміздегі жылдың 30 наурызында Іле ауданында орналасқан Ворошиловский су қоймасында құрылыс іргесінен су ағып, бөгет жарылған. Бірақ барлық қызметтердің келісілген жұмысының арқасында зардаптар қысқа мерзімде жойылды.
Прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау департаментінің прокуроры Ернар Бердақынның айтуынша, облыс әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша алты ауданда 34 мыңнан астам тұрғыны бар 20 елді мекен мен 11 мың тұрғын үйді су басу қаупі бар екені анықталған. Осыған орай, прокуратура және Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерімен келісе отырып, су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы ұйымдастырылып, арналар, көпірлер мен құбырлар қоқыстан, мұзбен қардан тазартылды.
– Бұл мәселеге байланысты уәкілетті органдарға су тасқыны қаупі бар аумақтарды анықтап, қажетті шараларды қабылдау тапсырылды. Ағымдағы жылы да прокуратура бұл мәселе бойынша тоғыз қадағалау актісін енгізіп, бір қылмыстық іс тіркеді, – деп қорытындылады Ернар Бердакин.
Балқаш-Алакөл бассейндік су ресурстарын пайдалануды және қорғауды реттеу инспекциясының мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Арман Акбаров облыста 310 гидротехникалық құрылыс (72 су қоймасы, 112 тоған, 13 бөгет, 14 су қабылдауыш, 99 магистральдық канал) бар екенін мәлімдеді.
Ол облыстағы ірі өзен-көлдер мен су қоймаларындағы су деңгейіне күн сайын бассейндік инспекциямен бірлесіп мониторинг жүргізіліп, су тасқыны кезінде қоймаларда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылатының жеткізді. Су ресурстары комитетінен қосымша тапсырма келіп түсті: бірінші жартыжылдықтың соңына дейін еліміздегі су тасқыны жағдайына байланысты барлық гидротехникалық құрылыстарды егжей-тегжейлі тексеруден өткізілу керек екенін де айтып өтті.