Қоқыс уақтында жиналмайтын жерлер де бар

Қоқыс уақтында жиналмайтын жерлер де бар

Аудан әкімінің 2018 жылдың 5-ші наурызында №95 «Ауданның елді мекендерінде санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандырудың көктемгі екі айлығын өткізу туралы» қаулысы негізінде жүйелі жұмыстардың қолға алынғаны баршаға белгілі. Яғни, апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, көше тазалығын ұстау қатаң бақылауға алынған болатын. Газет тілшілері өткен аптадан бастап тиісті мекемелермен бірге рейдке шығып келеді. Оның барысында игі істердің натижесі бірден байқалып, көптеген округтерде тазалық өте жақсы қолға алынғаны байқалды. Енді, міне, бұл аптада жағдай қандай екенін білу үшін тағы да жолға шықты. Жанымызда – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың маманы.

Округтерді аралап, істеліп жатқан жұмыстарды көру үшін біз рейд жұмыстарын Қаскелең қаласынан бастауды жөн көрдік. Көшедегі тазалықпен айналысқан жұмысшылар көзге бірден байқалды. Алайда, қаланың үш жерінде қоқыс үйіліп тұрғын көрініске тап болдық. Ең алғашқысын біз Набережная мен Бұхар жырау көшелерінің қиылысында таптық. Электр бағанасының асты тұрмыстық қалдықтарға толып тұр. Бұл, әрине, бір күнде жиналған қоқысқа ұқсамайды. Ары-бері өткен тұрғындар үйінен шыққан қалдықтарды тастап, оның көлемі ұлғайып келеді. Мұндай көрініс Бәрібаев пен Саламатов көшелерінің қиылысында да айқын көрініп тұр. Керімбеков мектебінің жоғарғы жағында үйілген қоқыстың жағдайы жоғарыда айтқан жерден артық болмаса, кем емес. Бұл орта ит, мысықтардың тоғысатын жері болған. Қаланың көптеген жерінде тазалық ретке келіп, тиісті жұмысшылардың өз істерін жүргізіп жүргені баршамызды қуантады, бірақ, қоқыс уақтылы жинамайды екен. «Сын болмай, мін түзелмейді» демекші, Ағынтай батыр мен Гоголь көшелерінің қиылысында орналасқан көп қабатты үйдің ауласындағы қоқыс жәшігінің де көптен бері тазаланбағы адамды қынжылтады. Біршама уақыттан бері жиналмағандықтан, ішіндегі қоқыс сыртқа шығып, жабайы иттердің азық табатын мекеніне айналған. Оны суретке қарап байқасаңыздар болады.

Қаскелеңнен шығып, Шамалған ауылында табан тіредік. Ауылдағы тазалық жақсы болғанымен, көп жылдардан бері ауыл әкімдері күресіп келе жатқан жабайы қоқыс алаңдары сол қалпы. Атап айтсақ, ауыл ортасынан өтіп жатқан Шамалған өзенінің Жібек жолы көшесіндегі көпірден бастап төменге кеткен жағасы жүз метрге дейін үлкен қоқыс алаңына айналған. Былтырғы жылы осы ауылдың әкімі болған Әділбек Далабаев бұл мәселені нақты қолға алып, толық тазалық жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтиже жақсы көрінгенімен, бұл қуаныш көпке созылмады. Сол жерге қоқыс тастауға үйреніп қалған тұрғындар бір жылдың ішінде бұрынғы қалпына келтіріп қойған… Мұндай жағдай Шамалған ауылының тағы бір жерінде, нақтырақ айтсақ, Су шаруашылығы колледжінің жатақ үйінің жанында да бар. Бірақ, ол жер нақты қоқыс төгуге арналған. Алайда, уақтылы тазаланбайтынымен ерекшеленеді. Дер кезінде алынбауынының әсерінен тұрмыстық қалдықтар арнайы жәшіктердің сыртына шығып, оны ит, құстардың шашатыны бар. Сондықтан да пакетке оралған әртүрлі қоқыстардың иісі шығып, жақын маңдағы көп қабатты үйлерге барады. Бұдан бөлек, оның жанында жас балалар да доп теуіп ойнайды. Жалпы, Шамалғандағы рейд нәтижесінде осы екі аймақтың нақты қадағалауды қажет ететіні ойға түйілді. Бұл екі жер де адам шошитын халде тұр…

Мұнан кейінгі жолымыз 1 Май ауылдық округінің Бекболат ауылында жалғасты. Ондағы тазалық тәуір деңгейде екен. Ауылды аралап жүргенімізде өзіміздің көліктің артынан қалған шаңнан басқа ешқандай қоқыс байқамадық. Мұндай бағаны Жандосов ауылына да беруге болады. Жоғарғы трассамен жүріп өткінімізде, аудан әкімінің қаулысы негізінде жүйелі жұмыстар нақты қолға алынғанына көз жеткіздік.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях