Халықаралық балаларды қорғау күні биыл Қарасай жерінде ерекше аталып өтті. Ашық аспан астында «Оркестрлер шеруі» атты оқушылар фестивалі ұйымдастырылып, осындағы білім мекемелеріндегі жасөспірімдеріміздің жетістіктері жұртшылыққа жария етілді.
Қаскелең қаласындағы орталық алаң түрлі түске боялғандай гүлденіп, әуелеген әсем әуен көңіл көкжиегін кеңейте түсті. Жаңа форматтағы салтанат ортасында аудан басшысы Жандарбек Далабаев та болып, жиналған қауымды, мереке иелерін құттықтап, жақсы тілегін жеткізді.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Мәңгілік ел» болуға қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның жаһандану кезеңінде жас ұрпақтың терең білімді, бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген, ақыл-ойы кемел тұлға болуына ерекше көңіл бөлгендігін тілге тиек етіп, егемен еліміздің кемел келешегін құрар буын тәрбиелеу баршамыздың міндетіміз екендігін алға тартты.
Мұнан кейін бірден шеру басталып кетті. Алдымен, айналасын көпшілік қаумалаған алаң ортасымен Президентіміз алғаш әріп таныған 83 жылдық тарихы бар білім ордасы Қарасай батыр атындағы орта мектебінің оқушылары жүріп өтті. Марш ырғағымен, біркелкі киініп, бірдей адымдап қозғалған оқушылардың жетістіктері де жетерлік. Атап айтқанда, білім, өнер, спорт жарыстарының, ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары сондай-ақ, Алматы облысында тұңғыш ұйымдастырылған «PATRIOT Qazaqstan» реалити-шоуының жүлдегері. Мұның барлығын дикторлар тізбектеп айтып, жұртшылыққа жеткізіп тұрды. Келесі кезекте биыл 80 жылдық мерейтойын қарсы алып отырған, Елбасы білім алып, үлкен өмірге түлеп ұшқан Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының жас жеткіншектері дабылдата ел алдына шықты. Аяқталған оқу жылы бұл қазақ мектептерінің қара шаңырағы үшін әдеттегідей табысты болған сыңайлы. Республика бойынша 100 үздік мектептердің қатарына кірген білім мекемесі әрі «100 кітап, 100 ән» жобасы байқауының Гран при иегері.
Дәл осылай түрлі киімде, өзіндік өзгеше стильде, жыл бойғы жетістіктерін жария етіп барлығы 18 топ ортаны дүр сілкіндіріп жүріп өтті. Олардың әрқайсысына қарау арқылы көрерменнің мерейі өсіп, ел болашағының тізгінін ұстар саналы да алғыр ұрпақ өсіп келе жатқанына сенімдері беки түскені анық.
Барлығы 1000 бала қатысқан шеру соңын түйіндеген шағын концерт болса, қарасайлық жасөспірімдердің өнерден де құр алақан емес екендігін айқындап берді. Балалар қазақ елі, астана, туған жер тақырыбында әдемі әндерді шырқады. Бұл ретте «Қалбибі өнер студиясының» жас таланттарының шеберлігін ерекше атап өткен артықтық етпес. Әсіресе, былтырғы «Бала дауысы» байқауының жеңімпазы Нұрлыбек Сапарбай ретро-хит «Еуропаны» нақышына келтіре шырқап, дауыс диапазонымен көпшілікті тәнті етті. Ал, аудандық мәдениет үйінің әншілері «Қазақ елі» әнімен шараның нүктесін әдемі қойды.