Мобилизациядан қашып Қарасай жеріне келген ресейліктердің саны белгілі болды

Мобилизациядан қашып Қарасай жеріне келген ресейліктердің саны белгілі болды

Ресей елінде мобилизация басталғалы Қарасай ауданына келген азаматтардың саны белгілі болды, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Ресей Президенті В.Путин 21 қыркүйекте халық алдында сөз сөйлеп, ішінара мобилизация туралы шешім қабылдағанын айтқан болатын. Жарияланған мобилизациядан кейін аталған елден көршілес мемлекеттерге бас сауғалап, шекара асып ағылғандар көбейді. Оның ішінде Қазақстан да бар.

ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметіне сүйенетін болсақ,  Ресей жеріндегі мобилизация жарияланған, яғни, 21 қыркүйектен бастап ел аумағына 98 мың азамат кірген. 64 мың ресейлік көрші елге өткен екен. 8 мыңға жуық резидент емес адам ЖСН алған.

Қарасай жері Алматымен іргелес жатқандықтан біздің ауданға да ресейліктердің келгенін ұзынқұлақтан естіп жатқанымыз бар. Қарасай аудандық Полиция басқармасының Көші-қон полициясының берген мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың қаңтар айынан бастап 577,  ақпан айынан 511 ресейлік келген. Ал ішінара мобилицазия жарияланған 21 қыркүйектен бастап Қарасай ауданына 76 азамат кірген. Бұл – 28 қыркүйек бойынша көрсеткіш.

Жалпы көршілес елдің адамдары біздің жерге ат басын тіреуін әркім әртүрлі пейілпен қабылдауда. Алайда халықтың басым көпшілігі олардың мемлекетімізді мекен етуіне наразылықтарын білдіруде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де елдегі ахуалға бей-жай қарамай, Түркістан облысына барған сапарында жұртшылықты алаңдатқан мәселеге пікір білдірді.

– Осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді, – деп айтқан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешетінін мәлімдеді.

Ал ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ресей азаматтарын өз еліне қайтару туралы мәселеге тоқталды.

«Ресеймен құқықтық көмек көрсету, сотталғандарды алмастыру және қылмыскерлерді экстрадициялау бойынша шарттар бар. Бізде де, Ресейде де ең маңызды қағида – қылмыстық іс. Сонымен қатар іздестіру жарияланған жағдайда оларды анықтап, Ресейге экстрадициялау тәртібі бойынша қайтарамыз», – деді Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ министр әскерден қашқаны туралы қылмыстық іс қозғалмаған жағдайда экстрадиция жасалмайтынын атап өтті.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях