Жуырда Тараз қаласында жетінші сынып оқушысының зорлану оқиғасынан кейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының басшысы Асқар Мырзахметовке қала әкімі Қайрат Досаевты қызметінен босатуды тапсырды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
– Жамбыл облысының әкіміне Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты және жұмысында жүйелі кемшіліктер жібергені үшін Тараз қаласының әкімін қызметінен босатуды тапсырдым. Облыс әкіміне ескерту жасадым, – деп жазды Мемлекет басшысы өз Twitter-дегі парақшасында.
Еске сала кетсек, қарашаның 15-і күні Тараз қаласында 38 жасар ер адам кәмелетке толмаған 12 жасар қызды зорлаған болатын. Күдіктіні полиция қызметкерлері қараша айының 18 күні ұстап, бүгінде осы іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқушы қызды зорлау оқиғасы мектеп әжетханасында болған. Ата-аналардың айтуынша, мұнда кім көрінген келіп-кетеді екен. Себебі мектептің сол қапталында ішке кіретін есік бар. Күдікті де сол жолмен келіп, қызға жәбір көрсеткен дейді. Осы оқиғадан кейін Жамбыл облысындағы барлық білім ордаларындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, зардап шеккен оқушы ауруханаға жатқызылды. Ал, аталмыш мектептің директоры, директордың орынбасары, физика пәні мұғалімі мен вахтер қызметтерінен босатылды.
Мұнан бөлек, облыстық Білім басқармасының басшысы біріншіден, педагог ретінде екіншіден өзінің моральдық тұрғыда жауапкершілігін сезіне отырып, өз еркімен өтініш беріп жұмыстан кетті. Сонымен қатар, бірқатар жауапты полиция қызметкерлеріне қатаң сөгіс беріліп, учаскелік инспектор ішкі істер органдарынан шығарылды.