Осы жылдан бастап магистратураға гранттар жаңа түрде бөлінеді – оларды университеттер емес, нақты үміткерлерге беріледі. Болашақ магистратураға тапсырушылар өздері грант алғаннан кейін белгілі бір университетті таңдап түсетін болады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Tenginews.kz сайтына сілтеме жасап.
– Өткен жылы «Білім туралы» Заңға түзетулер енгізілді. Осыған дейін магистрлік бағдарламалар үшін гранттар беру жүйесі қатты сынға алынған болатын. Себебі, осы уақытқа дейін жоғарғы оқу орындары университетке түсу үшін тестерді өздері өткізіп, өздері грант бөлетін болатын. Осы ретте ҰБТ үлгісімен орталықтандырылған түрде өткізілетін арнайы тестілеу өткізу туралы ұсыныс түсті, – деді білім және ғылым министрі Аймағамбетов.
Сондай-ақ, ол бөлімде тиісті жұмыстар жүргізіліп, 10-15 тамыз аралығында сынақтан өтетінің айтты. Осы тестілеудің әділетті өтуін қамтамасыз ету үшін «Адалдық білім» жобалық кеңсесінің қызметкерлері тартылатын болады.
– Онда арнайы мониторингтік топтар бар, бірге біз тестілеудің ашық және әділ өтуін қамтамасыз ету үшін шаралар қолданамыз, – деді министр.
Сонымен бірге министр болашақ магистранттар ҰБТ-ны екінші рет тапсырмайтындығын баса айтты.
– Олар бакалавриат бағдарламасын бітіріп, енді грант алу үшін тағы бір сынақтан өтіп, грант алады, сәйкесінше олар осы гранты бар оқу орнын таңдап сонда оқитын болады. Бұрын гранттар университеттерге берілетін болса, енді грант нақты адамдарға беріліп, олар өздері таңдаған мамандықтары бойынша кез-келген университеттерінде білім алатын болады. Бұл өзгерістің тағы бір жақсы жағы осы арқылы еліміздегі жоғарғы оқу орындарында бәсекелестік пайда болып, олар өздеріне түлектер қабылдау үшін бағдарламаларын жақсартатын болады, – деп түйіндеді Аймағамбетов.
Биыл елімізде магистранттарға 13 мың грант бөлінді.