Тәртіп сақшыларының қиын да қызықты қызметін абыроймен атқара білуі үлкен жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Иә, темірдей тәртіпті сақтап, ел тыныштығын сақтау жолында аянбай еңбек етуде полиция қызметкерлеріне жүктелер жауапкершілік жүгін арқалау да оңай емес. Ол үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, лезде әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, адамдармен араласа білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Бүгінде осындай қасиеттерді өн бойынан кездестіретін полицейлер де аз емес. Осы ретте біз еліміздің полицейлерінің төл мерекесі қарсаңында ауданымыздың тұрғындарының өмірі мен тыныштығын сақтауға өзіндік үлесін қосып жүрген Жібек жолы ауылдық округі Көлащы ауылдық учаскелік инспекторы Мақсат Ержанов жайлы әңгімелейтін боламыз.
1987 жылы өмірге келген кейіпкеріміз жайында кеңінен айтатын болсақ, ол – Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тумасы. Ата-анасы Аманжол мен Гүлбүбі Ержановтар – қарапайым шаруа адамдары. Екеуі төрт баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Мақсат – отбасында Шәрбат есімді әпкесінен кейінгі үйдің екіншісі. Артынан ерген Абылай мен Әділет есімді інілеріне ақылшы аға. Бұл отбасы 1996 жылы Қарасай ауданы Жібек жолы ауылына қоныс аударған. Мақсат осы елді мекендегі Ы.Алтынсарин атындағы мектепті тәмамдап, тоғызыншы сыныптан кейін Алматы қаласындағы кәсіптік техникалық колледжіне түсті. Оны тәмамдаған соң Павлодар қаласында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Әскерде жүріп оның осы салаға деген қызығушылығы артты, формадағы қызметкер болсам деген арманы күн санап асқақтай бастады. Тіпті, осында келісім-шартпен қалып жұмыс істемек болғанда, әкесінің жоғарғы оқу орнын аяқтағаның дұрыс деген ақыл-кеңесіне құлақ асты. Туып-өскен жеріне келген соң Қарасай ауданындағы Полиция басқармасына орналасып, онда айыпталушыларды уақытша ұстау изоляторында 10 жылға жуық қызмет атқарып, екі жарым жыл «102» кезекшілік бөлімінде істеді. Жауапты қызметтерді атқарып жүріп, біліктілігін арттыруды да ұмытпады. Талдықорған қаласындағы Бизнес, құқық және жаңа технологиялар колледжі мен Шымкент қаласындағы университетті «заңгер» мамандығы бойыншы тәмамдады. Осылайша 2018 жылы осы күнге дейін ол Жібек жолы ауылдық округі Көлащы ауылында учаскелік инспектор болып қызмет атқаруда.
Оның ойынша, бұл салада қызмет ету үшін өжеттілікпен қатар, жауапкершілік те бойдан табылуы тиіс. Сонда ғана аумақтағы құқық тәртібін нығайтып, тұрғындар қауіпсіздігін сақтауға толық мүмкіндік болады.
– Біздің елімізде адам өмірінің қауіпсіздігі – басты назарда. Сондықтан да, әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Осындай ауыр жұмыстың жүгін арқалау оңай шаруа емес. Біздің қызмет адамнан қажыр-қайратты, ерлікті, табандылық пен сабырлылықты қажет етеді. Себебі, өзгеден тәртіпті талап ету үшін өзіміз тәртіпті болуымыз керек. Полиция қызметкері болуды ер баланың басым бөлігі армандап өседі ғой. Мен де кішкене кезімнен құқық қорғау саласында қызмет етуді армандаған едім. Ақыры дегеніме жеттім. Бүгінде аудан халқының тыныштығын қорғап, абыроймен еңбек етудемін, – дейді әңгіме барысында Мақсат.
Өмірдің мәні адал әрі адамгершілікті болу деп білетін кейіпкеріміз бүгінде өзіне бекітілген аумақта қандай да болмасын құқық бұзушылық жағдайларға жол бермеу, оның алдын алу, қылмыстың бетін ашу, полиция бекетіне келген шағым-арыздар бойынша жұмыстану сияқты міндеттерді атқарады. Әңгімелесу барысында таң атқаннан күн батқанға дейін келеңсіздіктерге тап болған жандарға қол ұшын созып, қызмет етіп жүрген кейіпкеріміз жұмысы қаншалықты қиын болса да өз мамандығымен мақтанатынын жасырмады.
– Біз әріптестерімізбен түрлі көңіл-күйдегі, небір мінезді адамдармен жұмыс істеуімізге тура келеді. Осыдан бірнеше жыл ауқымды шараға байланысты жолды жауып, жүргізушілерден көліктерін жол бойынан алып тастауды сұрап жатқанбыз. Бір көлік иесі мүлдем қозғалудан бас тартты. Жақындап барғанымда ішінен баласы атып шығып: «Әкем мас көнбей жатыр» – деді. Мен жүргізушінің есігін ашуға оқталғанымда есігін ашып, сөзге келместен травматикалық қарумен қолымнан және қабырғамнан атты. Кейін сот болғанда ол мас күйде болғанмын, неліктен олай істегенімді білмеймін деп ақталды. Жасының үлкен екендігін, өзімнің қатты жарақат алмағанымды ескеріп кешірім бердім. Бірақ,сот оған 5 жылға дейін шектеу тағайындады. Сондықтан біздің әр күніміз үлкен сақтық пен жауапкершілікті талап етеді , – деді ол өз сөзінде.
Болашаққа деген ұшқыр арман-қиялдарына бірте-бірте қол жеткізіп келе жатқан талапты полиция қызметкерінің алдағы мақсаты ел тыныштығын сақтау жолында қызмет ету болып табылды. Кейіпкеріміз Эльмира есімді арумен отау құрып, бүгінде Гаухар мен Ерсұлтан есімді балаларын тәрбиелеп өсіріп, жақында үшінші сәбилерін күту үстінде. Аудандық Полиция басқармасының алдыңғы қатарлы қызметкері «Полицияға қызмет еткеніне 10 жыл, 15 жыл», «Мінсіз қызметі үшін» медальдары және тағы басқа марапаттарға ие болған. Рухты, өршіл, намысты міндетін үнемі үлкен жауапкершілікпен атқаратын Мақсатты төл мерекесімен құттықтай отырып, осынау абыройлы да аса жауапты қызметтің биігінен көрінуіне тілектеспіз!