Ұлыстың ұлы күні биыл да ауданымызда лайықты деңгейде ұлықталды. Әдеттегідей, орталық алаң ерекше күйге бөленіп, қазақ үйлер тігіліп, шаттыққа толы шатырлар тізіліп, қойылған алып сахна айналасына жүздеген адам жиылып, әсем ән мен күмбірлеген күй төгілген, айтылған әрбір ақ тілек жылы лебізбен өрілген, тоғыз түрлі дәм қосылған наурыз көже тарту етілген, ұлттардың татулық, бірлігі бұрынғыдан да бекіген той-думан дүркіреп өтті.
Салтанат шымылдығын ашқан қыздар биі қыс арпалысын көркемдей бейнелеп, қырық қызды ерте шыққан көктем аруының ортаға келіп, айдай сұлу арулардың жиналған қауымға көже таратуы, құт дарытқан Қыдыр атаның пайда болып, ақтарыла ақ батасын төгуі, барлығы-барлығы сондай ұтымды ойластырылып, көпшілік бір сәт Ұлыстың Ұлы күнінің ұлылығын шын мәнінде сезінгендей ерекше әсерге бөленді…
Алғашқы құттықтау сөз кезегін алған аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің шын жүректен жолдаған жылы лебізі де шара шырайын арттыра түсті. Ел-жұртқа, береке, ырыс-дәулет, ізгілік пен игілік, жақсылық пен жаңалық әкелген Наурыз мейрамын қасиетті Қарасай жерінің жұртшылығы да жақсы жетістіктермен қарсы алып, табыстың тай қазанын толтыру үшін алға тағы да толайым мақсаттар мен межелер белгілеп отырғанын алға тартып, жиналғандарға ыстық ықыласын білдірді.
Әрі қарай, мән-маңызы астасқан, ұлттық салт-дәстүрімізбен көркемделген тамаша концерттік бағдарлама бастау алып жүре берді. Сонымен қатар, жоғарыда айтқанымыздай, мекеме, ұйым, кәсіпорындар, этно-мәдени орталықтар көл-көсір қылып дастархан жайып, халық одан емін-еркін дәм татты. Оларды аудан басшысы Махаббат Садуақасұлы да аралап, көріп, ізгі іске ұйытқы болған ұжымдарға өз ризашылығын білдірді.
Жалпы айтқанда, бұл күні 18 мекеме күшімен 154 дастархан жайылып, 2000 литрдей көже, 10 қазан палау, 80 мың дана бауырсақ, тағы да басқа түрлі ұлттардың тағамдары орталық алаңға ағылған 2000-нан астам адамға тегін таратылған. Бұдан бөлек, 30 сауда нүктесі де жол бойына қатар орналасып, қонақтар олардан кәуап, сусын, шұжық және ойыншық сияқты қажетті тауарларды тұтынуға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, той төңірегінде спорттық сайыстар да ұйымдастырылып, жүрегінің түгі, білегінің күші бар жігіттер бақ сынасып, жеңіске жеткендер сый-сияпатқа кенелді. Осылайша, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, өскелең ұрпаққа береке-бірлік үлгі өнеге етілген ұлыстың ұлы күні қарасайлықтарға ерекше әсер қалдырды деуге негіз бар.
Сондай-ақ, осы тектес мерекелік шаралар барлық округтерде де өткізіліп, жергілікті тұрғындарға көктемнің жылы лебін сездіріп, қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.