Әлем чемпионатында қол күрестен қарасайлықтар үздіктердің қатарынан көрінді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
Румыния елінің астанасы – Бухарест қаласында жақында қол күрестен әлем чемпионаты өткен болатын. Білектің күші сыналатын бұл жарысқа Қазақстанның атынан 10 спортшы аттанды. Алматы облысынан іріктеліп алынған алтауының арасында қарасайлық төрт қол күрес шеберлері бар. Олар мүмкіндігі шектеулі жандар ретінде дәл осы спорт түрінен сынға түсті.
Әлем чемпионатына 44 мемлекеттің ең үздіктері бақ сынады. Олардың арасында жастар, ересектер, ардагерлер және мүгедек спортшылар да болды. Байрақты бәсекеде еліміз жалпы командалық есеппен І орынды иеленсе, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ІІІ орынды қанжығалады.
Қол күрестің қыр-сырын меңгерген қарасайлық Данияр Ахметжанов оң қол бойынша ІІ орынды алса, есту қабілетінен айырылған Мамлут Тутадзе екі білектің күшімен де сынға түсіп, ІІІ орынды иеленді.
Осылайша олар әлем мықтыларының қатарынан табылып, елдің атын өзге елде әйгілі етті. Бұл ретте спортшыларға қашанда қолдау білдіріп, оларды осы дүниежүзілік додаға қатысуға себепкер болған «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының төрағасы Тәжіғали Ходжамұратовтың еңбегін ерекше айтуға болады. Оның айтуынша, ауданның атынан төрт спортшы барып, оның екеуі жүлдегер атануы үлкен жетістік.