Кішкентай «жұлдыз»

Кішкентай «жұлдыз»

Әжесінің сөзіне қарағанда, ол кішкентайынан өзге балалардай жылап, мазасыз болмапты. Жанына музыка қосып қойса, бесікте тыныш жата береді екен. Тумысынан осындай ерекшелігі оның болашақты үлкен өнер иесі болатынын аңғартқандай.

Нұрлыбек 3 жасынан бастап ыңылдап, өз мәнерінде ән сала бастаған. Ал, ең алғаш  4 жасында той сахнасына Қайрат Нұртастың «Телефон» әнімен шыққан. «Көп ақша берді ме?» деп әзілдей қойған сұрағымызға, өзіне бірінші кезекте пайдаға қарағанда өнердің маңызды екендігін айтып, бізді таң- тамаша еткен балдырған ақылдылығын да анық байқатқандай.

Бүгінде жасы 9-дан асқан Нұрлыбек Сапарбайға әншілік дарын нағашы жұртынан дарыған. Талай жеткіншектің бағын ашып, тәрбиелеген танымал әнші «Үшқоңыр» мәдениет үйінің директоры Қалбибі Абдуллаевадан 6 жасынан бастап тәлім алып келе жатқан Нұрлыбектің жетістіктері аз емес. Осы мамыр айының өзінде бірнеше үлкен додаға қатысып, жүлдемен оралған. Атап айтқанда, 18-і күні Алматы қаласы бойынша Мәдина Садуақасова тәлімгер болған Әлия Назарбаеваның «Бала дауысы» жобасына қатысып, 858 үміткердің ішінде өңірлік кезеңінен өтті, ал, 23-ші мамырда «Жұлдыз болғың келсе» республикалық дарынды балар мен жасөспірімдер байқауының «Эстрадалық вокал» номинациясында бас жүлде иемденген.

Тек елімізді ғана емес, сонау Қытайды, әлемді мойындатып жүрген Димаш Құдайбергенге еліктейтін өнерлі баланың репертуарында қазір жиырмадан астам ән бар. Қазақ және итальян тілдерінде орындап жүрген ол алдағы уақытта орысша, ағылшынша ән айтуды жоспарлауда. Сонымен қатар, домбыра үйірмесіне де қатысып жүрген кішкентай кейіпкеріміз қазақ күйлерін де күмбірлете шертетінін әңгімелейді.

Тағы бір айта кететін жайт, Нұрлыбек отбасындағы өнерінің қолдаушылары жайлы сөз қозғағанда анасы мен әкесінен гөрі әжесі Гүлзабира Қосқұлақова мен атасы Сапарбай Рахметуллаевті көбірек айтады. Себебі, немересінің болашағының жарқын болуына барын салып, бойындағы күші мен батасын арнап жүрген әжесі продюсеріндей болып кеткен, ал, атасы діттеген жеріне уақытылы жетуін қамтамасыз етеді. Тек байқаулармен ғана шектелмей жеке кеш те, қайырымдылық концерт беріп те үлгерген, кіп- кішкентей тұлғасына таудай талантты сыйдырған бала қартайған шағында жалғыз қалған қариялар үйінде және қатерлі ауруға шалдыққан Алма есімді қыздың еміне арнап ұйымдастырылған шарада да өнер көрсеткені белгілі.

Шамалған бекетіндегі қазақ орта мектебінде оқитын жасөспірімнің сөз саптауы да, тіпті, арманы да ерекше. Осы жолда аянбай тер төгуге дайын екендігін әдемі әңгімелейді. Бастауыш сыныпты енді бітірген бала болса да,  Нұрлыбек бірінші кезекте жарық дүниеге әкелген анасына, содан кейін, бір басына жетерлік осыншама жетістігіне себепші болған ұстазы Қалбибі Абдуллаеваға, болар баланың бетін қақпай, белін буып жүрген атасы мен әжесіне алғыс айтуды ұмытпады сұхбат барысында. Қалбибі апайының қатал талабы мен айтқанынан шықпайтын ол өзіне маңызды «ереже» де бекітіп қойған. Яғни, дауысын сақтау үшін балмұздақ, майлы тағам, кейбір шоколад түрлерін жемейді, салқын сусын ішпейді, көлікте отырып ән айтпайды.

Қорыта айтқанда, қаршадай болғанымен, Нұрлыбектің алға қойған мақсаты үлкен. Қазақ даласына, әлемге танымал әнші болуды қалайды. Тек қалап қана қоймай, сол үшін тынбай еңбек етіп келеді. Арманы асқақ кейіпкеріміздің алдағы уақытта жолы ашық, шығармашылығы табысты болуына біз де тілектеспіз!

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях