Бүгінде ауданымыздың тыныс-тіршілігін ғаламтор арқылы халыққа жеткізіп, жаңалықтарымен бөлісіп келе жатқан «Karasayinfo.kz» желілік басылымы жұмыс істеуде. Оның меншік иесі «Заман жаршысы» газеті» ЖШС-і болып табылады. Бұл жаңалық жаршысы қазіргі кезде әлеуметтік желілерде видеосюжеттерімен, түрлі салаларға қатысты репортаждарымен, тіпті, арнайы бағдарламалық жобаларымен оқырмандарын қуантуда. Солардың бірі – «Karasayinfotaxi» (Тегін такси).
Екі айдан астам уақыт бойы қарасайлықтарға тегін такси қызметімен қатар, ақшалай ұтыс ұсынып келе жатқан жоба алғаш рет облыс бойынша Қарасай ауданында ашылды. Айта кеткен жөн, бағдарлама ауданның 90 жылдығына орай ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындарға керемет көңіл-күй сыйлауды мақсат етуде. Бұл жоба осыдан екі апта бұрын әлеуметтік желілерде байқау жариялаған болатын. Мінеки, оның да нәтижесі белгілі болып, ауданымыздағы Бірінші Май ауылдық округіне қарасты Бекболат ауылының тұрғыны Маулен Арланұлы жеңімпаз болды. «Karasayinfotaxi» бағдарламасының қойған шарттарын толық орындаған жеңімпаз ақшалай ұтысты иеленді. Оның айтуынша, байқауда алдыңғы орынға шығып, жүлделі боламын деп күтпеген. Қазіргі кезде осындай ойындардың көбейіп, арасында өтірік байқау жариялайтындардың бар екенін де ескере келе, басында әділ болатынына күмәнмен қарағанын да жасырмады. Алайда, «Тегін такси» жобасының бұл шығарылымын көргенде, өз туыстарына айтып, қатысуға шақырған екен.
Ал, «Karasayinfo.kz» желілік басылымының жетекшілері алдағы уақытта өз бағдарламалары мен сюжеттерінде бұдан да қызық ойындар ұйымдастырып, ұтыстар жариялайтынын алға тартуда.