Қарағанды фармацевтикалық кешені елге «Спутник V» вакциналарының алғашқы партиясын жеткізді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Өздеріңіз білетіндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 1 ақпаннан бастап Қазақстанда «Спутник V» ерікті вакцинациялау науқаны басталады. Соған байланысты вакциналардың бір легі Ресей елінен елге жеткізілді.
Жалпы, ақпан айында Қарағанды фармацевтикалық кешені вакцинаның 112 мың дозасын, наурызда — 150 мың, сәуірден маусымға дейін – ай сайын 600 мың дозадан жеткізетін болады. Сондай-ақ, сәуір айынан бастап 75 мың доза көлемінде «QazCovid-іn» отандық вакцинасын егу және оны ай сайын 500 мың дозаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
«Бірінші кезекте халықтың жекелеген топтары – медицина қызметкерлері, полицейлер, әскери қызметшілер және т. б. вакциналауға жіберіледі. Вакцина алатын адамда профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдер болмауы тиіс. Вакциналау алдында дәрігердің міндетті тексеру жұмыстары жүргізіледі. Ел бойынша егу пункттерінің дайындығы тексерілді, профилактикалық егуді жүргізу мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдер бекітілді, 2 мыңнан астам медицина қызметкерлері оқытылды», — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.