Елі ерін еске алып, бірлік мерекесін тойлады

Елі ерін еске алып, бірлік мерекесін тойлады

1916 жылғы ұлт азаттық қозғалысының қаһарманы, халық үшін жанын қиған Б.Әшекеевтің ерлігі тарихтан мәлім. Сол бір қатыгездікке толы қиын-қыстау кезде ел болашағына алаңдап, әділетсіздікке қасқая тұрған жерлестерінің азаматтық асыл қасиеттерін өскелең ұрпаққа үлгі ету үшін аудан әкімі Махаббат Бигелдиев бастаған бір топ қарасайлықтар үлкен жұмысты қолға алған еді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, батыр бабаға  тас тұғырдан ескерткіш орнатып, жастар сейілдейтін саябақ ашу мақсатында «Туған жерге туыңды тік» қоғамдық қоры құрылып, үндеу қабылданып, ауданның ардақты азаматтары оған өз үлестерін қосуға асыққан еді. Бұл мақсат жүзеге асты да.

Осылайша, қарасайлықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін биыл тарихта қаларлықтай ерекше  жағдайда, Үшқоңыр тауының бөктерінде атап өтті. Алдымен жұртшылық Бекболат ауылына бұрылыста, күре жолдың оң жағында бой көтерген демалыс орнына жиналды. Жергілікті тұрғындардың қуанышын бөлісуге зиялы қауым өкілдерімен қатар, Алматы облысы әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашов та арнайы келді. Саябақтың ашылу салтанатында алдымен «Туған жерге туыңды тік» қоғамдық қорының төрағасы Сағындық Жылқыбаев сөйлеп, атқарылған жұмыстар жайын баяндап, ерекше үлес қосқан жандарды марапаттап, қордың атынан сый-сияпат көрсетті. Атап айтқанда, мердігер мекеме «Іргетас -Құрылыс — ІІ» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Ә.Сәрсеновке, айтарлықтай қолдау көрсеткен «Isker company» ЖШС құрылтайшысы Б.Өміралиевке, «ДРСУ-8» ЖШС директоры А.Угрюмовқа, «Қазақстан қағазы» АҚ-ның бас директоры В.Горобцоваға және тағы басқаларға үлкен ризашылық білдірілді.

Б.Әшекеевке арнап тас тұғырдан орнатылған ескерткіштің  лентасын облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов, қоғам қайраткерлері Едіге Жүнісбеков пен Шәмша Беркімбаева және Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев салтанатты жағдайда қиып, ескерткіштегі ақ жамылғы түрілді. Ақ әжелер тәттіден шашу шашты.

Шара әрі қарай Бекболат ауылындағы Хамза қажы мешітінің қарсы бетіндегі ашық алаңқайда жалғасын тауып, Қазақстан халқы бірлігі күнін мерекелеуге ұласты. Мұнда аспан астында ақ дастархан жайылып, ойын алаңдары да ойластырылған. Қаз-қатар ақшаңқай киіз үйлер бой көтеріп, шешен, күрт, славян, ұйғыр, түрік сияқты этностардың ұлттық орталықтары көрмелерін қойды. Алып сахна айналасына да жұртшылық көп жиналып, оның төрінде айтылғандарды зор ықыласпен тыңдады.

Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Лаззат Махатұлы алдымен облыс әкімі Амандық Баталовтың жалынды сәлемін жеткізе келе, өңір көлемінде «Рухани жаңғыру» аясында қолға алынған жұмыстарға назар аударды. Тәуелсіз

Қазақстанның әр жетістігі ержүрек батыр бабаларымыздың тарту еткен азаттығының арқасы, ұлтаралық татулықтың жемісі екендігін тілге тиек етіп, 73 жасында қол бастап, атқа қонған Бекболат Әшекеевтің батылдығы жайлы сөз қозғады. Қарасайлықтардың ұйымшылдығы мен ауызбіршілігіне жақсы бағасын берді. Сондай-ақ, аудан әкімі Махаббат Садуақасұлы да айтылған ойды жалғай келе, Елбасының әр бастамасы ел әлеуетін көтеріп, рухани жетілдіре түсетінін әңгіме арқауына айналдырып, ерлік пен өрлікті паш ететін саябақтың жас ұрпаққа үлкен өнеге боларына сенім білдірді. Баршаны мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін арнады.

Мұнан кейін жазушы, академик Нағашыбек Қапалбекұлы Бекболат Әшекеевтің өмірі туралы баяндама жасап, қоғам және мемлекет қайраткері Шәмшә Көпбайқызы жиналған жұртшылыққа жылы лебізін жеткізді. Ал, халық атынан ортаға шыққан ауыл ақсақалы Мырзабек Шымшықов Елбасына, ел ағаларына деген шексіз ризашылығын ақ батасы арқылы білдірді.

Әрі қарай көпшілік аудан әншілерінің өнерін тамашалап, спорттық сайыстарда бақ сынап, кең-молынан жайылған ақ дастарханнан дәм татты.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях