Жақында, Алматы қаласында орналасқан М.Горький атындағы орталық саябағы «Немо» дельфинарийі ауданымыздағы «Қуат» мүгедектер қоғамының балалары үшін қайырымдылық шарасын өткізді. Оған ата-анасымен 50 мүгедек бала барды. Осы игі іске Разия Мұхамеджанова сынды ерікті ықпал етті.
Алғашында, Злата, Анфиса және Василиса есімді үйретілген теңіз мысықтарының өнерін тамашалаған балалар кейін, бір сағатқа созылған дельфиндердің өнеріне тамсанды. Судан алты метрдей биіктікке секіріп, бапкерлерін арқасына мінгізіп алып жүзген дельфиндерді көргенде, балалар ғана емес, олардың ата-аналары да ертегі әлеміне енгендей болып отырды! Алайда, бұл қойылымның басты мақсаты балаларға хайуанаттарды көрсету емес, дельфиннің емдік қасиетін сездіру еді. Дельфин үстінде отырып жүзу, оларды сипап, түрлі ойындарын тамашалау – науқас балалардың көңілдерін сергітіп, психологиялық күйзелістен арылтып, жақсы ойлар ойлауға жәрдемдеседі. Зерттеушілердің пікірінше, дельфинмен тіл табысқан адамдар шаршағанын ұмытып, көтеріңкі көңіл күйге қол жеткізеді екен. Бұл – жүйке-жүйесі ауыратын балаларды психологиялық оңалту кезінде таптырмас терапия.
Ал, шараның нәтижесі бойынша, «Қуат» мүгедектер қоғамының аутизм диагнозы қойылған Елнұр Тәжіғалиұлы мен сал ауруына шалдыққан Ирада Ифратқызына дельфинотерапияның екі сеансына тегін бару мүмкіндігі бұйырды. Бұл – осы қайырымдылық шараның үлкен жетістігі екені анық!