Бейбіт Исабаевтың тұрғындармен алғашқы кездесуі Ескелді ауданында өтті  

Бейбіт Исабаевтың тұрғындармен алғашқы кездесуі Ескелді ауданында өтті   

 

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындармен алғашқы кездесуін Ескелді ауданында өткізді. Қарабұлақтағы мәдениет үйінде өткен жиында облыс басшысы көпшілікті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуынан қысқаша хабардар етіп, аудан басшылығының алдына нақты міндеттер қойды. Кездесуде тұрғындар негізінен ауыз су мен арық жүйесін жүргізу, газдандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу мен салу, жайылымдық жер мәселелерін көтерді, — деп хабарлайды naqty.kz.

Бейбіт Исабаев Ел Президенті облыс басшылығының алдына азаматтардың тұрмыс жағдайын, әл-ауқатын арттыруға қатысты проблемаларды шешу мен Жетісу облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамыту міндеттерін қойғанын атап өтті. Сол сияқты Ескелді ауданының экономикасындағы ерекшеліктерге, басымдық беретін бағыттарға тоқталды. Мәселен, аудан қант қызылшасын егуден аймақта 1-ші орында, яғни облыстағы жалпы егістіктің 29%-ын құрайды. Сонымен қатар ауданның картоп шаруашылығын, оның ішінде Чипсы мен Фри өндірісін дамыту әлеуеті зор.

— Алайда ауданда өңдеуші кәсіпорындар жоқ, сыйымдылығы мол заманауи көкөніс сақтау қоймалары және тоңазытқыштары жоқтың қасы. Мал шаруашылығында мал басының саны 50 мыңға жуық болса да, небары 4 бордақылау алаңы және 2 шұжық цехы бар. Жылына орта есеппен 34 мың тонна сүт өндіріледі, 7 тауарлы сүт фермасы бар, бірақ тек 2 мекеме ғана сүт өнімдерін шығарады. Бұл жеткіліксіз, — деді облыс басшысы.

Сол сияқты пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін анықтап, мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарына, жаңа инвестиция тартып, өңдеу өнеркәсіптерін ашу, жұмыс орындарын құру, балық және жылыжай шаруашылықтарына назар аудару, ауыз су, газдандыру, суару желілерін жүргізу сияқты көптеген мәселелерге баса көңіл бөлуді тапсырды. «Сыртқы нарыққа бағдарлана отырып, сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін жаңа технологияларды белсенді енгізу керек», — деді Б.Исабаев. Бұған дейін Ескелді ауданында әкімдердің небары бір жыл көлемінде ғана жұмыс істеп кеткенін тілге тиек еткен облыс басшысы алдағы уақытта келесі тағайындалатын әкімнің өз қызметін неғұрлым ұзақ мерзім атқаруына, бастаған жобаларын аяқтауына мүмкіндік берген жөн екенін атап өтті.

Осы жиында жалпы саны 15 тұрғын 40-қа жуық сұрақ қойды. Сауалдардың басым көпшілігі ауыз су мен бақша суаратын арық суына қатысты болды. Осы мәселелерді Көкжазық, Жаңалық, Ақын Сара, Мелькомбинат, Байысов ауылдарының тұрғындары көтерді. Сол сияқты елді мекендерге газ тарту мәселесі де — көпшіліктің мазалайтын тақырыптардың бірі. Жалпы ауданның орталық ауыз су жүйесімен қамтылу деңгейі жоғары болғанымен, 40% желінің тозығы жеткен. Қазір Қарабұлақ, Ақтұма, Ақешкі, Сырымбет, Алдабергенов, Теректі ауылдарында сумен қамту жүйелерінің құрылысын жүрігізу мен қайта жаңғырту қолға алынуда. Тағы екі ауылда осындай құрылыстың құжаттары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ әзірге аудандағы 3 елді мекенге ғана газ жеткізілген. Өткен жылы 4 ауылға газ тарату желісін салу басталса, биыл тағы 4 ауыл осындай жоспарға енгізіліп, қаржысы қарастырылған. Солардың ішінде тұрғындары сауал қойған Көкжазық, Байысов ауылдары да бар. Сондай-ақ айтылған сауал-өтініштер негізінде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевтың жетекшілігімен арнайы комиссия бірнеше ауылдағы арық жүйесінің кемшіліктері, оны түзету жолдарын қарастыратын болады.

Алдабергенов ауылының тұрғыны Мадияр Ақжолтаев ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-ана ретінде балаларды оңалту орталығын ашу туралы ұсыныс білдірген еді. Өтінішке байланысты аудан басшылығының айтуынша, аталған ауылда бос тұрған ескі мектептің ғимаратын пайдалануға болады. Бейбіт Исабаев алдымен ғимараттың жарамды-жарамсыздығы туралы тиісті мамандарға сараптама жасатып, анықтау керектігін айтты. «Балалардың өміріне қауіпсіз болса, онда сол ғимаратты қалпына келтіріп, орталық жасауға болады. Егер қауіп болса, онда басқа жолын қарастыру керек. Балалардың өмірі біз үшін бәрінен қымбат», — деді облыс әкімі.

Шымыр ауылына балабақша және стадион, Жалғызағаш ауылына мәдениет үйі, Жаңалық, Ешкіөлмес ауылдарына мектеп керек деген ұсыныстарын жеткізген аудан тұрғындарына Бейбіт Исабаев:

— Аудандар бөлінісінде әлеуметтік нысандардың саны қанша, хал-ахуалы қандай, халық санына қарай сұраныс деңгейі қандай, соның бәріне толық түгендеу жүргіземіз. Сол бойынша келесі жылы бірінші кезекте қандай нысандар салынады, алдағы 3-5 жылдағы межеміз қандай, бюджеттің мүмкіндігіне қарай осының бәрін жоспарлап, жұмыс жасайтын боламыз, — деді. Кездесуден кейін облыс әкімі жеке азаматтар үшін қабылдау өткізді.

 

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях