Жуырда «Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалының мәжіліс залында «Баланы мектепке даярлайық» республикалық акциясы болып өтті. Филиал ұйымдастырған бұл іс-шара «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық жобасы шеңберінде өтіп, ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастау алған болатын.
Аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ықылас Еркінұлы ашқан жиынның мақсаты отбасы жағдайына байланысты материалдық және рухани көмекті қажет ететін балаларға көмек көрсету мен мектеп оқушысының міндетті орта білімді алуына жағдай жасау болатын. Осы орайда, өзінің ізгі тілегімен ортаға шыққан облыстық мәслихаттың депутаты Мұхит Үмбетов еліміздің болашағы баянды болуы үшін өскелең ұрпақты адами-рухани тәрбиелеу, балалаларға көмек және қолдау көрсетуді алға тартып, 20 оқушыға мектеп формалары мен қажетті оқу құралдарын табыстады. Іс-шара соңында мұндай игі іске ризашылығын ата-аналар тарапынан білдірген Гүлсінай Сырлыбай шара ұйымдастырып отырған «Нұр Отан» партиясы мен халық қалаулыларына аналық алғысын білдіріп, батасын берді.