Балабақшада білім алатын балалардың ата-анасында «Ashyq» қосымшасында «көк» немесе «жасыл» статус болса жеткілікті. Ал, балалар ешбір шектеусіз балабақшаға бара алады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
Бұл туралы ақпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде белгілі болды.
«Қаулыда мектепке дейінгі ұйымдарға баратын бүлдіршіндердің ата-анасын вакцина алуға міндеттеу туралы жазылмаған», — деп түсіндірді комитет.
Ведомствоның ресми мәлімдемесіне сүйенсек, бас санитарлық дәрігер қаулысына сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдар, оқу-өндірістік комбинаттар, білім беру орталықтарының қызметкерлері ғана вакцина салдыруға міндетті. Бұл соңғы үш айда коронавируспен ауырған және медициналық тұрғыдан вакцина алуға болмайтындарға қатысты емес.