Сіз үшін темекі тарту мақтаныш па, абырой ма әлде шын мәнінде тәуелдісіз бе? Неліктен біз қай жерде де шылымын тұтандырып, құмарлана тартқан адамдарды жиі кездестіреміз? Оның ішінде егде жасқа келген кісіден бастап, орта жастағы ерлер мен әйелдер де бар, тіпті, кәмелетке толмаған жеткіншектерді де көзіміз шалуда. Соған қарай бүгінгі күннің ең қауіпті індеттерінің бірі – шылым шегу десек қателеспейміз. Ерлерді белсіздікке, әйелдерді бедеулікке ұрындыратын улы түтінге адамдар құрамындағы никотин, смола және ысты газ үшін тәуелді болады екен. Мамандар тарапынан темекіден арылту шаралары да қолға алынды. Мәселен, шылым қораптарын түрлі ауру адамдардың суретімен қоса шығарып, ескерту мәтіндер де жазған. Кейін келе бұл қорқынышты суреттерге көз үйренгендігі ме, тәуелділіктің шыңырау шегі ме, әйтеуір, тұтынушы қарасы айтарлықтай азаймады.
Ал, сіз оның экономикалық тұрғыдан қалтаңызға түсіретін ауыртпалығын есептеп көрдіңіз бе? Бұл зиянды өнім бағасы жылына екі рет өсуде. Мысалы, 240 теңге тұратын шылым алғашында 270 теңгеге, кейін 300 теңгеге өскен. Осы орайда біз қарапайым дүкеннен темекі бағасын білдік. Дүкен сөресінде тізіліп тұрған шылымдардың қазіргі ең төмен бағасы – 300 теңге, қымбаты – 400 теңге. Енді есептейік, бір адам орталама есеппен күніне бір қорап темекі шегеді. Сонда, бір айда ең кемі 9000-10 000 теңге, ал, қымбатына 12 000- 14 000 теңге аралығында ақша жұмсайды. Осы улы түтінге кеткен қаржыға күнделікті бір айға жуық тұтынатын азық-түлік алуға әбден болады. Мысалы: ұн, қант, май, картоп, пияз және т.б. Бұл тек қарапайым санаттағы темекілердің бағасы. Ал, элиталы шылымдардың бағасы өте қымбат екенін ескерген жөн. Алдағы уақытта да бұл бағалар бір орнында тұрмай, жоғарылайтыны анық. Оған себептердің бірі – акциздің (салық түрі) өсуі. Kazinform.kz -тің хабарлауы бойынша 2017 жылы темекі өнімдерінің акциз бағасы 1000 данасы үшін 6200 теңге деп бекітілсе, 2018 жылы 7500 теңге, 2019 жылы 8700 теңге болады деп болжанып отыр. Көріп отырғанымыздай жыл өскен сайын темекі бағасы да артады. Сондықтан, ертең болмашы тәуелділік үшін қалтаңыз қағылмасын десеңіз, темекіні бүгін тастаған дұрыс шығар…