«Таблиғи-жамағат» қауіпті ағымынан сақтанайық!

«Таблиғи-жамағат» қауіпті ағымынан сақтанайық!

Егеменді ел болғанымызға ширек ғасырға ғана жақын уақыт болса да, еліміз тіршіліктің барлық салаларында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Елбасымыздың сөзімен айтқанда: «Мәңгілік ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман — әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, тұрмысы қуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болатын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық, мәңгілік елдің іргетасын қаладық». Десек те бүгінгі таңда әлем жұртшылығын мазалап отырған мәселенің бірі — әртүрлі бүлікшіл топтардың экстремистік әрекеттерге барып жатқандықтары болып отырғаны бәрімізге анық. Олардың кейбірі біздің елімізде де өз идеяларын тартпақ болып жүргені шындық. Осының алдын алу мақсатында соңғы жылдары сол ұйымдардың әрекеттерін ауыздықтайтын елімізде бірқатар заңдар шығарылды. Бірнеше экстремистік деп табылған топтардың қызметіне тиым салынды, атап айтсақ: 1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 15 қазандағы шешім негізінде: «Аль-Каида», «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс», «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел»); 2. 2005 жылғы 15 наурыздағы Жоғарғы Сотының шешіміне сәйкес: «Асбат аль-Ансар», «Мұсылман-ағайындар», («Братья-мусульмане»), «Талибан» қозғалысы, «Боз гурд», «Орталық азиядағы Жамаат моджахедтер», «Лашкар-е-Тайба», «Әулеметтік реформалар Қоғамы»; 3. Астана қалалық сотының 2005 жылдың 28 наурызындағы шешіміне сәйкес: Қазақстанда «Хизб-ут-Тахрир» шетелдік ұйымы; 4. Астана қаласы сотының 2006 жылы 17 қарашадағы шешіміне сәйкес: «АУМ Синрикё», «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы»; 5. Астана қаласы сотының 2008 жылғы 5 наурыздағы шешіміне сәйкес: «Түркістан ислам қозғалысы» және «Алля Аят» тағы да «Ата жолы» деструктивті ұйымы қозғалыстарына республика аумағында тыйым салынады.

Солардың қатарында орын алған «Таблиғи-жамағат» миссионерлік ұйымына қатысты 2013 жылдың 28 ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотымен тыйым салынды. Сонымен қатар, аталған ұйым еліміз тәуелсіздік алғалы бері тіркеуден өтпей, өздерінің теріс идеологияларын насихаттап келген. Бұдан бұрын, бұл топтың қызметіне Өзбекстан мен Тәжікстан және Ресей елдерінде де тыйым салынған болатын. «Таблиғи-жамағат» еліміздің барлық өңірлеріне тарап, танымал болып қалған топтардың бірі. Оның негізін Үндістанның Кандахла штаты Сазарнуфур деген елді мекенінде дүниеге келген (1885-1944 ж.ж.) Мұхаммед Ильяс Әл-Кандалахлауи 1926 жылы қалаған. Алайда, бұл кісінің өмірбаяны жайлы діни әдебиеттерде деректер жоқтың қасы. Үндістанның Сахарнуфурінен бастау алған таблиғшы жамағаттың идеологиясы уақыт өте келе көрші Пәкістан, Бангладеш, кейіннен Сирия, Иордания, Палестина, Ливан, Мысыр, Судан, Ирак, араб елдеріне тарады. Бұдан ары Еуропаға және ТМД елдеріне кең таралып, соңынан біздің елге де келген. «Таблиғи-жамағат» өкілдері жайлы қысқаша сипаттар берер болсақ, бұл ұйым мүшелерінің діни сауаттары төмен, тіпті басым бөлігінің сауаты мүлде жоқ деуге де болады. Сонысына қарамай олар «есіктен есікке» жүріп, ел аралап, апталап-айлап халық арасында үгіт-насихат жүргізеді. Ағым жасақтарына тән ерекшеліктер: жұпыны киіну, жұпыны төсек-орынды қанағат тұтып, тамақтану. «Ырзықты жолымызда Алланың өзі жетістікке жеткізеді»,- деумен шамалы қаражатпен ғана жолға шыға береді. Бұл орайда, олар жомарт адамдардың «хадия» (сыйлық) немесе садақа ретінде азды-көпті берер көмектерін есепке алады. «Таблиғшылар» топ-топ болып, белгілі бір елді мекенді бағытқа алып аралауды мақсат тұтады. Ұйымның кейбір мүшелері бұндай сапар кездері өздері тұрақтайтын мекен-жайларды дайындаумен айналысса, қалғандары үйді, базарларды аралап «дағуат» жұмыстарын жүргізеді. Бұл топтың «Таблиғи-жамағат» деп аталу себебі неде? Бұл сауалға топқа мүшелік ететіндердің өз жауаптары: «Таблиғ» сөзі «жеткізу, хабарландыру, ескерту» деген мағыналарды берсе керек. Өздерін осылайша атауларының себебін олар: Пайғамбарларымыздың (с.ғ.с.)бір хадисіндегі: «Менен бір аят болса да (адамдарға) жеткізіңдер!»,-деген сөзімен байланыстырады. Аллаға жақын болуға шақырушы адам «таблиғшы» — «жеткізуші» болып табылады, сондықтан ондағы жамағат өздерін «таблиғи-жамағат» деп атаған. Бір қараған адамға таблиғшылардың бұл дәлелдері орынды сияқты көрінгенімен, зерделей келе ол пікірдің орынсыз екендігін аңғаруға болады. Біріншіден, олардың келтірген хадисі «умуми» (жалпылама мағына беруші) хадистердің санатына жатады. Яғни, бұл хадистегі «жеткізіңдер»- деген сөз жалпылама айтылып, «жеткізу» қажет екендігін аңғартқандығымен, жалғыз өзі жеткізу керек пе, әлде жамағат болып па, қандай тәсілмен, қашан, кімдерге жеткізу қажет екендігі жайлы түсінік етіп айтылмаған. Сондай-ақ, бұл хадисте аяттарды жеткізуші жамағаттың болуы қажет екендігі туралы ешқандай нұсқауда, тіпті оған сілтеу болатын сөзде келтірілмеген. Сондықтан, бұл хадис «Таблиғи жамағат» сияқты жамағаттың болуына шариғи тұрғысында дәлел бола алмайды. Ал шариғи дәлел бола алмаған жерде мұндай жамағаттың болуы қажет деген тұжырым жасауда шариғат бойынша қателік болып табылатыны ақиқат. Өйткені Құранда топтарда бөлінбеу туралы анық нұсқаулар берілген. Яғни, «Әхлүс сүннә уәл жамағат»-тан басқа жамағаттың болуы Құран мен Сүннәнің басты шарттарына қайшы. өйткені Құранда «бөлінбеңдер» деген мағынадағы аяттар бар болса, ал хадистерде «Әхлү сүннә» жамағатынан бөлінуді айыптайтын үкімдер келтірілген. Солардың бірінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім жамағаттан (оның ұстанған шариғатының шеңберінен небәрі) бір елі (тиянақтай шетке) шықса (ауытқыса) — әлбетте, қайта оралмағанша Исламның (алтын) алқасын мойнынан шешкені (Исламнан шыққан) болады. Сөйтіп кімде-кім жамағат имамын (оның мазхабын) ұстанбай өмірден өтсе, әлбетте ол жахилият өлімімен өлген (дүниеден надан хәлінде өткен) болады». Сондай-ақ, «таблиғшылар» болса барған мешіттерін жатахана ретінде пайдаланып, сонда ішіп-жеп, бірнеше күн жатып алады. Әрине мешіттерді бірнеше күн жатын орын еткен соң, онда өздерінің кір қоңын жуып, әртүрлі келеңсіз әрекеттерімен мешіттердің құнын кетіреді. Ал бұл қоғамдық ортада Ислам діні – лас, бейберекет адамдардың діні деген ой тудырады.

Негізінде, Ислам діні тазалықтың, көркемдікпен әдептіліктің діні. Сондықтан, өз ортамызда «Таблиғи жамағаты» сияқты шектен шығып, асыра сілтеушілік бой алдырған топтарға жол беруге болмайды, ағайын.

Сауат Парманқұл,

дінтанушы.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях