Биыл ауданымызда тыныс жолдарының жұқпалы вирусты ауруына шалдығып, сыр берген денсаулығына шағымданып, дәрігерлердің алдына келушілердің қатары қалың. Орта есеппен аудандағы ақ желеңділердің алдынан күніне 60-70 науқас табылады. Қарасай аудандық ауруханасының дәрігер-эпидемиологы Балнұр Махмұдованың берген мәліметінше, ауданның ауруханасы мен ауылдық амбулаториясы бойынша ЖРВЖ — мен (Жіті респираторлық вирусты жұқпалар) жыл басынан бері 440 адам көмекке жүгініп үлгерген. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар – 47, 14 жасқа дейінгі балалар – 175 және жүкті әйелдер саны – 43. Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп көрсеткіш. Осыған орай, ауруханада карантин жарияланған.
Жалпы, ЖРВЖ бойынша маусым 2016 жылдың 1 қазанынан басталған екен. Сол уақыттан бері тұмауға 2766 қарасайлық шалдыққан.
Яғни, дене қызуының тез арада 39-40°С дейін көтерілгенін, қатты басы ауырып, бет — әлпеті қызарып, әлсіздік пайда болып, тәбеттің төмендегенін, екінші-үшінші тәулікте мұрын бітелгенін байқасаңыз дәрігердің кеңесіне жүгінген жөн. Ал, аурудың алдын алу үшін, жақсы тамақтанып, сарымсақ, пияз сонымен қатар, құрамында С дәрумені бар өнімдерді көбірек пайдаланған, таза ауада жүйелі түрде серуендеп, эпидемия кезінде адамдармен байланысты мүмкіндігінше азайтуға тырысқан, қоғамдық көліктермен жүруді шектеген артықтық етпейді.