Еске сала кетсек, «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық заңының 101 бабы, 4 тармақшасына сәйкес, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы шығып қалған депутаттардың орнына сайлау 2017 жылғы 26 наурызында өтеді.
Бүгін, Алматы облыстық мәслихатының депутаттығына «Нұр Отан» партиясының атынан үміткер Дүйсенбінов Сұлтан Мырзабекұлы қаскелеңдіктермен жүздесіп, өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Бұл мақсаттағы алғашқы жиын Байжанов орта мектебінде ұйымдастырылып, оны партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейбіт Төлеген ашып, жүргізіп отырды.
Алдымен, үміткердің сенімді өкілі С.Әбдіқадыров оның өмірі мен еңбек жолынан жақсы мәлімет беріп, жиынға қатысып отырған білім беру, денсаулық сақтау, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының, бастауыш партия ұйымдарының өкілдеріне жақын таныстырып өтті. Мұнан кейін мінберге көтерілген С.Дүйсенбіновтың өзі депутат болып сайланған жағдайда ел игілігі үшін қандай жұмыстарды қолға алғысы келетіні жайлы жан-жақты баяндады. Яғни, талай өткелдерден өтіп, 14 жыл әкімдік қызметтің басында болған еңбек жолы мен тәжірибесінің арқасында халыққа не қажеттігін, әрдайым күн тәртібінен түспейтін әлеуметтік мәселелерден жақсы хабардар екендігін алға тартқан үміткер өзінің болашақта балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтуға арналған шараларды іске асыруда белсенділік танытуға, денсаулық сақтау мекемелерінің жұмыстарын жандандыру үшін заманауи құралдар сатып алуға қажетті қаржы мәселесін уақытылы шешіп, кадрларды ынталандыру үшін материалдық-моральдық іс-шараларды ұйымдастыру және баспана мәселелерін шешуге, жас мамандарды баспанамен қамтамасыз етуге жәрдемдесуге, ауыл шаруашылығын дамытамын деушілерге қолдау көрсетуге, тағы да басқа ізгі шараларға атсалысуға ниетті екендігін әңгіме арқауына айналдырды.
Келесі кезекте бұл сайлауалды бағдарлама үлкен талқылауға түсті. Бұл ретте, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы С.Мәсімақынов, «Нұр Отан» партиясының ардагері Б.Мұхамедиярова, Қырғауылды ауылдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Г.Нұрлыбаева №15 Райымбек сайлау округінен облыстық мәслихат депутаттығына үміткер болып отырған азаматтың айтқандарынан өздеріне ұнаған тұстарын ерекше атап өтіп, көпшілікті наурыздың 26-сында жаппай дауыс беруге шақырды.
Дәл осындай жиын түстен кейін Қаскелең қаласындағы Н.Әлімқұлов атындағы орта мектепте де ұйымдастырылды.