Радиобайланысшы

Радиобайланысшы

Қаскелең қаласының №1 өрт сөндіру бөлімінің радиобайланысшысы, кіші сержант Әлия Хасенованың жұмыс күні тынымсыз телефон қоңырауларына жауап берумен басталады. Бір қарағанға оңай іс көрінгенмен оның жауапкершілігі орасан. Себебі, әрбір қоңыраудың ар жағында біреудің өмірі не тағдыры тұр десек қателеспеспіз. Төтенше жағдай жайында түскен хабарды ести салысымен ширақтық танытып, дереу қызметкерлерге жеткізу аталған кейіпкеріміздің міндеті. Қоңырауды қабылдай сала айтылған мекенжайға тиісті бригаданы аттандырады. Әлия Майданқызы бұл мекемеде 2003 жылдан бері істеп келеді. Негізгі мамандығы мұғалім болғанымен тағдырдың айдауымен қауіпті әрі көп қажыр- қайратты талап ететін осы қызметті таңдаған. Оның айтуы бойынша өмірде әр түрлі адамдар кездеседі әрі олармен тікелей байланыста болу өте қиын. Сонымен қатар өрт жағдайында хабарласқан тұрғын аса сабырсыздықпен қоңырау шалады. Ал, оған байсалды жауап берген, аты- жөнін сұраған қызметкерге кейбіреулері, тіпті, ашуланатын кездер де кездеседі екен. Шарасыздықтан есі шығып хабарласқан адамды сабырға шақырып, өзіне қарата айтылған «жағымсыз» сөздерді естігенде де байсалдылық таныта білу де оның міндеті. Өрт сөндіру көлігі діттеген орнына жеткенше тұрғындар оларды жұмыстан шығаруға, түрмеге отырғызуға және ең сорақысы өлтіруге де «уәде» беретінін әңгімелейді кейіпкеріміз.

Ол жұмыс барысында форма киіп, қаталдылықты, ширақылықты танытатын қатардағы қызметкер болғанымен, өз үйінде аяулы жар, үлгілі ана. Бір қызығы өмірлік жолдасымен осы жұмыс орнында танысқан. Содан бері он төрт жыл бойы бірге өмір сүріп келеді. Екі қыз және бір ұл тәрбиелеп отырған ерлі- зайыпты тағдырдың ащысы мен тұщысын тең бөлісуде. Күйеуі Қырықбаев Қанат зейнетке шыққан өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі.

Жұмыстан жүйкесі тозып келгенде ас үйге кіріп кетіп торт, самса, бәліш пісіру арқылы жан рахатына бөленетін Әлия ханым кітап оқығанды жақсы көреді. Үйінде әкесінен қалған 1000-ға жуық кітаптан тұратын жеке кітапханасы бар. Өз кезегінде ол әкесінен қалған бұл үрдісті балаларының бойына сіңіруді мақсат ететінін де тілге тиек етті.

Жалпы алғанда, өрт сөндірушілерді адамдар тек төтенше жағдайда іздейді. Осыны ескерген кейіпкеріміз «Бізді тұрғындар есіне аз алса және еліміздегі тыныштық бұзылмаса» деген ізгі ниетімен сұхбатын  қорытындылады.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях