Қоржынымызда 27 медаль!

Қоржынымызда 27 медаль!

Алматыда өтіп жатқан Универсиадада өткен аптаның демалыс күндері, еліміздің қоржыны 3 алтын мен 1 қола медальға көбейген еді. Атап айтқанда, мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен алғашқы орынға шығып, шаңғы жарысындағы аралас топтық спринтте Олжас Климин мен Анна Шевченко алтын медаль жеңіп алды. Онымен қоса, әйелдер арасында конькимен жүгіру жарысында Екатерина Айдова қола медальді қанжығасына байлаған болатын. Ал, қазақстандықтардың ерекше сеніміне селкеу түсірмей, үмітін ақтаған Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен өз жеңісін бірнеше ай бұрын о дүниеге аттанған әжесіне арнаған екен. Оның жетістігіне қазақстандық жанкүйерлер қатты қуанды.

Ал, бүгінгі нәтиже бойынша 7,5 шақырым қашықтыққа командалық эстафета бойынша шаңғышылар жарысы аяқталып, күміс жүлде ресейліктерден 1,8 секундқа ғана артта қалған Қазақстан құрамасына бұйырды. Еліміздің намысын Сергей Малышев, Виталий Пухкало, Ринат Мухин және Олжас Климин қорғады. Сонымен қатар, шорт-трекшілер Қазақстан қоржынына Универсиаданың қола жүлдесін салды. 500 метрлік сайыстың ақтық финалына екі бірдей отандасымыз Абзал Ажғалиев пен Денис Никиша шыққан еді. Бұл жарысқа қатысушылар бәсекені сөреден екі мәрте бастауға тура келді. Өйткені, алғашқы аталған конькиші фальстарт жасады, яғни, сөреден уақытынан бұрын ұмтылып кетті. Қорытындысында А.Ажғалиев мәре сызығын үшінші болып кесіп, қола жүлдеге іліксе, Денис Никиша жарыстың басында құлап, сайыстан шығып қалды.

Осылайша, апта басының түске дейінгі жарыс есебінде Қазақстанның қоржынына он алтын, алты күміс және он бір қола жүлде түсті.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях