Қорға қанша аударамыз?
Осыдан бір жарым жыл бұрын, Елбасының Ұлт жоспары стратегиялық бағдарламасында айтылған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі біртіндеп елімізде енгізіле бастамақ. Бұл ретте әрбір қазақстандықты аталған жүйенің артықшылығы мен алғышарттары, міндеті мен мақсаты, күтілетін нәтижесі қандай болатыны мазалайтыны анық. Яғни, осы жаңашылдықтың тиімділігі неде? Сақтандыру пакеттеріне не жатады? Оған қалай қатысуға болады? Мемлекет кімдерге тегін медициналық көмек көрсетуге ықпал етпек? Осы және өзге де сұрақтарымызға қатысты аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Зарыққан Сатыбалдиновадан толыққанды мәлімет алған едік. Түйгеніміз төмендегідей.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС)
Еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлт Жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамының» 80-қадамына байланысты және Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізіліп отыр. Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі болып табылады. Қарапайым тілмен айтқанда, арнайы қорға жиналған қаражат есебінен тегін медициналық көмек алуға болады. Яғни, өз таңдауыңыз бойынша Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан кез-келген мемлекеттік не жекеменшік емханада медициналық көмек алуға, дәрігер қабылдауынан бастап, жан-жақты тексерулер, қымбат ота жасау қызметтеріне дейін мүмкіндік ашылады. Бар шығынды Қор төлейді. Бұған қоса, сапалы медициналық көмекке қол жеткізесіз. Өйткені, медициналық ұйымдарды қатаң іріктеуден өтіп, емханалар қызмет көрсету сапасын арттыруға мүдделі болмақ. Себебі, Қор күнделікті бақылау жүргізеді. Сонымен қатар, мемлекетпен белгіленген ауру түрлері бойынша тегін дәрі-дәрмектер алу құқығы артып, қажетті медициналық препараттар олардың сапасы мен қауіпсіздігіне жауап беретін еліміздің барлық дәріханаларында қолжетімді болмақ.
Сіздің құқығыңыз бен мүддеңізді қорғайды?
Көптің көңілінде күдік орнамас үшін, МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін бірнеше тетіктерді атауға болады. Ең біріншіден, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметінің коммерциялық емес сипаты үлкен маңызға ие. Сондай-ақ, қолданыстағы тәжірибеге сай ӘМСҚ-ға түсетін жарналарды бақылау ісі Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетіне жүктелген. Бұл Қорды басқаруға денсаулық сақтау саласында және басқа да салалардағы білікті сарапшылар тартылатын болады.
Сонымен қатар, электрондық денсаулық сақтау порталының «жеке кабинеті» арқылы сақтандырылған тұлғаның мәртебесі, төленген жарналары туралы толық ақпаратқа қол жеткізуге болады. Мұнда электрондық денсаулық паспортынан бөлек, «жеке кабинет» арқылы емханаларға баруыңыз, стационарларда емделуіңіз, тексерулер мен анализдеріңіз, дәрігер қорытындысы мен олардың ұсыныстары жөніндегі мәліметтер де жинақталып тұрады.
Сақтандыру пакетіне не жатады?
Жалпы, медициналық қызметтің 2 түрлі пакеті ұсынылады. Біріншісі, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын базалық пакет. Бұл сақтандыру түріне мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Ол еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болады. Мемлекет өз міндетіне медициналық қызметтердің бірнеше түрін алады. Мысалы, жедел жәрдем қызметін, санитарлық авиацияны, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ем көрсетуді, төтенше жағдайда көмек көрсетуді және алдын алу шараларына қатысты екпелер. Екінші пакет – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Оның аясында алғашқы медициналық, амбулаторлық және стационарлық көмек тегін көрсетіледі. Алайда косметологиялық операциялар, кейбір стоматологиялық қызмет түрлері, ақылы болары анық. Қаржының белгілі бір бөлігін азаматтар төлейтіндіктен, олар өздері қалаған медициналық мекемеде емделе алады. Яғни, келешекте науқастар медициналық мекеме мен дәрігерді өздері таңдай алады. Жаңа жүйе медициналық мекемелер арасындағы бәсекелестікті арттыруға серпін береді. Ал бұл қызмет көрсету сапасына ықпал ететіні анық. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайтуға негіз болады. Осы орайда айта кетері, жалпы жаңа жүйе бойынша ортақ тариф жасалады. Содан кейін мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелер арасында байқау жарияланып, тек үздіктері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік алады.
Бұл ретте ескеретін тағы бір жайт, науқас өзінің қалауы бойынша МӘМС жүйесіне қатысты денсаулық сақтау мекемелерінен жөн көргенін, сөзсіз, өзі таңдай алады. Дегенмен, Қарасай ауданына қатысты айтсақ, мұндағы кез-келген медициналық мекеме орталық аурухана секілді тәуліктік медициналық көмек көрсете алмайтынын да ұмытпағанымыз жөн.
МӘМС-тің үш негізгі қағидаты қандай?
Міндеттілік: Қазақстан Республикасының әрбір тұрғыны міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне атсалысуы тиіс.
Әлеуметтік әділдік: әрбір сақтандырылған қатысушының төленген жарна мөлшеріне қарамастан, қызметтің толық пакетін алу құқығы.
Ниеттестік: денсаулық сақтау саласының ауыр жүгі мемлекет, жұмыс беруші және әр адамның өз мойнында.
Мемлекет кім үшін төлейді?
Халықтың әлеуметтік аз қамтылған өкілдері салымның бұл түрінен босатылады. Олардың қатарында : балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, зейнеткерлер, мүгедектер, күндізгі бөлімде оқитын колледж, КТУ, институт, университет студенттері, сондай-ақ ЖОО-дан кейінгі білім алушылар, 3 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыстағы тұлғалар, жұмыссыз ретінде
тіркелген тұлғалар, жүкті әйелдер, уақытша ұстау, тергеу изоляторына қамалғандар және сот шешімі бойынша жазасын өтеуші тұлғалар бар. Мына жайтқа да назар аударыңыз. Жұмыссыз жүрген азаматтар МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу үшін, міндетті түрде жұмыспен қамту орталықтарына барып, ұсынылған жұмысқа орналасуы керек, болмаса жұмыссыз азамат ретінде тіркелуі тиіс, сол кезде ғана оларға мемлекет тарапынан Қорға жарна аударылады.
Міндетті медициналық сақтандыру мерзімдері туралы нені білуіміз керек?
Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен
толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттің Медициналық сақтандыру қорына жарна аудару мерзімі 2017 жылғы 1 шілдеден 2018 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылды. Алайда, жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалардың Қорға төлейтін аударымдары мен жарналары 2017 жылғы 1 шілдеден бастап түсуі тиіс.
Ал, жалдамалы қызметкерлердің ӘМСҚ-қа жарна төлеу мерзімі бұрынғыдай, 2019 жылғы 1 қаңтарға қалады. Жалпы, МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығы және осы жүйе бойынша денсаулық сақтау ұйымын таӊдау 2018 жылдыӊ 1 қаӊтарынан басталатынын да білгеніміз жөн.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» заңына сәйкес, аударымдар мен жарна мөлшері қандай?
Қорға төленуге жататын, мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналары: 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, мемлекеттің жарналарын есептеу объектісінің 4 пайызы, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 5 пайызы, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 6 пайызы, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 7 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Жұмыс берушілердің қорға төленуге жататын аударымдары: 2017 жылғы 1 шілдеден бастап аударымдарды есептеу объектісінің 2 пайызы, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 3 пайызы, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 пайызы, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 5 пайызы көлемінде болмақ.
Жұмыскерлердің қорға төленуге жататын жарналары 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап жарналарды есептеу объектісінің 1 пайызы, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Ал, дара кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалардың қорға төленуге жататын жарналары 2017 жылғы 1 шілдеден бастап жарналарды есептеу объектісінің 2 пайызын, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 3 пайызын, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 5 пайызын, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 7 пайызын құрамақ.
Бір айта кетерлігі, қазіргі таңда Парламент Сенатында жарна мөлшерлемесін төмендету бойынша заң жобасы қарастырылуда. Нақтылай түскенде, мемлекет тарапынан жарна мөлшерлемесі 2018 жылдың 1қаңтарынан 3,75%-дан басталып 4%-ға жетсе, 2023 жылы 5%-ды құрауы тиіс. Жұмыс берушілердің жұмысшылар үшін жарна мөлшерлемесі 2017 жылдың 1шілде айынан 1%-ды құрап, 2022 жылы 3 % болуы мүмкін. Ал, соңғы айтылған топтардың, яғни, дара кәсіпкерлердің, нотариустардың, т.б. жарналары 2017 жылдың 1шілде айынан 5%-ды құраса, жұмыскерлердің қорға төленуге жататын жарналары сол күйінде қалады деп күтілуде.