Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Аида Акшалова ағымдағы жылы жастар саясаты саласында атқарылған жұмыс туралы баяндады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
Кеше аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың төралығымен әкімшіліктің мәжіліс залында ауданымыздағы жастар істері жөніндегі Кеңестің отырысы өтті. Аталмыш кеңестің мақсаты – жастар саясатының жүзеге асырылуы, сонымен қатар, олардың проблемаларын шешу жолдарының тиімді механизмдерін талқылап қана қоймай, нақты жүзеге асыру болып табылды. Жиынға кеңес мүшелері, бөлім басшылары мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Оның барысында жастар саясатының жүзеге асырылуы бойынша есептері тыңдалды. Сондай-ақ, басқосуда аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Аида Акшалова 2019 жылдың І жарты жылдығындағы аудандық Жастар саясаты бойынша жасалған жұмыстардың қорытындысы мен алдағы уақытта атқарылатын істер жайында баяндады.
Мұнан бөлек жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жұмыс істеп жатқан бағдарламалармен, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстары жайында аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Эльмира Тасырова мен Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторы Жұлдыз Бисемова әңгімелерін қозғап, ұсыныстарын білдірді.
Кеңесте жастар тарапынан қордаланып жүрген мәселелер мен жастардың көкейлерінде жүрген сауалдар да қойылды. Ауданымыздағы жастар саясатын жүзеге асырудың тиімді тәсілдерін нығайту мақсатында кеңес мүшелерінің ұсыныстары да айтылды.
Жиында талқыланған мәселелер мен айтылған ұсыныстардың барлығын тыңдаған аудан әкімі тиісті бөлім басшыларына біқатар тапсырмалар берді.