Тұрғындардың жеке және көпшілікпен ортақ мәселелері бойынша бүгін аудан әкімі қабылдау өткізіп, өтініштерін тыңдады, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстын халқына арнаған Жолдауында бірқатар басымды бағыттардың арқасында еліміз бойынша көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Оның ішінде ел-жұртпен етене жақын араласуды көздейтін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да бар. Аталмыш бастаманы ілгерілету аясында бүгін «Бірыңғай ұлттық азаматтарды қабылдау күні» жалпыреспубликалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Акцияға орай аудан бойынша бірнеше мекеме басшылары халықтың өтінішін тыңдау мақсатында қабылдау өткізді. Оның ішінде, әрине, аудан басшысы ретінде Жандарбек Далабаев та азаматтардың жеке мәселелері бойынша әкімдіктің ғимаратында жеке тілдесіп, пікір алмасып, көптеген өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал жасады.
Қабылдауға алдын ала жазылған 148 тұрғынның барлық наразылықтары толығымен тыңдалды және ұсыныстары да ортаға салынды. Көбісі топ болып бір көшенің немесе ауылдастардың атынан да сөйлеп, көптің көңіліне ортақ сан сауалдарын қойып жатты. Оның арасында жер, су, баспана, мал және егін шаруашылығына, сонымен қатар, әлеуметтік өзекті мәселелер де көтерілді. Мәселен, Қошмамбет ауылының бір топ адамдары жарыққа қатысты мәселе мен қаңғыбас иттердің көптігін сөз етсе, Қаскелең қаласының Қойтас көшесінде орналасқан көршілер қауымы жолға қатысты уәждерін жеткізді.
[su_custom_gallery source=»media: 14299,14300″ link=»lightbox» width=»150″ height=»150″ title=»never»]
Жалпы айтқанда, қабылдауға жазылған азаматтар тарапынан көптеген арыз-шағымдар да, өтініштер де, ұсыныстар да тыңдалынды. Аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы барлығын сараптай, саралай келе, баршасына толықтай жауабын берді. Шешімі бар мәселелерге қатысты жауабын сол жерде берсе, кейбірін өзінің орынбасарлары мен жауапты бөлім басшыларына табыстады.
Жиын барысында тұрғындардың бірқатары аудан әкімінің осы уақытқа дейін атқарған еңбегіне, көптеген іске ықпал еткеніне алғыстарын жеткізіп, ризашылықтарын білдірді.