Ұлттық валютамыз – төл теңге күні мен қаржы саласы мамандарының кәсіби мейрамы қарсаңында аудан әкімі Жандарбек Далабаев екінші дәрежелі банк қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы.
Олардың қатарында «БанкЦентрКредит», «Сбербанк Ресей» және «Тұрғын-үй жинақ банкінің» азаматтары болды. Іс-шара барысында жылы лебізін білдірген Жандарбек Ермекұлы банк пен қаржы саласындағы мекемелердің қоғам өміріне үлкен септігін тигізіп, азаматтардың көптеген мәселелер шешуге көмек беріп жатқанын алға тартты. Олардың ішінде ең маңыздысы баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктерін де ұсынып жатқандығын да айтып өтті.
Аудан басшысы кәсіби мереке иелеріне, яғни, Айдын Қазбеков, Мақсат Ұзақбаев, Айнұр Тұяқбаева, Әлия Қуанбаева, Дәурен Меңдіханов және тағы басқа да мамандардың жұмыстарына табыс, отбасыларына амандық тіледі. Олардың барлығына Жандарбек Ермекұлы Алғыс хат пен гүл шоқтарын сыйлап, естелік суретке түсті.