Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы. Бұл жайында ҚазАқпараттың ресми сайтын жария болды.
Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, бүгін сағат 9.20-дан өртке қарсы қызмет бөліміне Арыс қаласында жарылыстың болғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 30 адам мен 8 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды.
Ал, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аталған жайттың себеп-салдарын білу үшін осы қаладағы жарылыстан бүлінген әлеуметтік нысандарды аралап шықты. Атап айтқанда, балабақшаны, қалалық аурухананы, ІІБ ғимараты мен тұрғын үйлердің жай-күйімен танысты. Ал, осы аймақ басшысының кеңесшісі Сәкен Қалқамановтың facebook парақшасындағы мәліметке сүйенсек, жарылыстың салдарынан келтірілген шығындар алдын ала есептелініп, қаланың өміріне қажетті жағдайлар жасалынады. ұрғындарды әлі де эвакуациялау жұмысы жүргізіліп, бұл мақсатта 105 көлік жұмылдырылды. Арыс қалалық ІІБ-дегі негізгі штаттан бөлек, 345 қызметкер мен 75 арнайы көлік, шұғыл жәрдемнің 51 экипажы жұмылдырылды. ТЖ тарапынан 201 қызметкер, Түркістан облыстық және Шымкент қалалық ТЖД-ның 26 арнайы техникасы тартылды
Естеріңізге сала кетсек, ҚР Қорғаныс минситрлігі аталған оқиғаға байланысты зардап шеккен жандар жоқ екенін мәлімдеген болатын. Ал, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстың зардаптарын жою туралы тапсырма берген еді. Кейін Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Арыс қаласында орын алған жайтпен танысу үшін Қ.Тоқаев Түркістан облысына өзі ұшып баратынын жария етті.