Тарихымызда жылдан-жылға жаңғырып, айрықша аталып өтетін Ұлы Жеңіске биыл 77 жыл. Осы бір атаулы күнге орай бүгін ауданымызда мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, соғыста құрбан болған батыр бабаларымызға құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Аудан әкімі Жандарбек Далабаев қатысқан іс-шара әкімдік маңындағы ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою салтанатымен бастау алды. Алдымен аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, атаулы күннің маңыздылығына тоқталып, жиналған жұртқа жақсы тілегін арнады. Мұнан кейін Жандарбек Ермекұлы шараға арнайы келген тыл еңбеккерлері, ауған соғысы ардагерлері мен майдангерлердің ұрпақтарымен бірге «Мәңгілік алауға» майданда шейіт болған батырлардың асқақ рухын ардақ тұтып, гүл шоқтарын қойды.
Мерейлі жиын әрі қарай аудандық Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мұнда қарасайлық өнерпаздар концерттік бағдарлама ұйымдастырып, жиналған жұртқа арнайы сахналық көріністер қойды. Сонымен қатар, бәріне танымал, санада жатталған соғыста шығарылған әндерді шырқап, әртүрлі билер билеп, мерекені ерекше сәнге бөлеп, жиналған жұртқа тамаша көңіл-күй сыйлады.
Тағы бір айта кетерлігі, мерекелік іс-шарадан кейін аудан әкімі ауданымыздағы Ұлы Отан соғысының ардагері Иса Керімтаев ақсақалдың отбасына барып, майдангерді Жеңіс мерекесімен құттықтап, құрмет көрсетті.
Сұрапыл соғыста атамыздың көрсеткен ерлігіне бүгінгі ұрпақ бас иетінін тілге тиек етіп, бейбіт өмір сыйлаған қарияға алғысын білдірді. Сондай-ақ, жеңісті жақындатқан жаңға сый-сияпатын тарту етті.