Алматыдағы қонақүйлердің бірінде 1,5 жасар қызын өлтірді деген күдікке ілінген ұлыбританиялық ұшқыш Баракат Мохамед судьяға наразылық білдіріп, аштық жариялады, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Daily Mail сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы 41 жастағы ұлыбританиялық ер адам 22 жастағы әйелі Мадина Абдуллаеваға кезекті онлайн-отырыстың алдында айтқан.
Басылым мәліметінше, Баракат Мохамед пен оның қорғаушысы судья Бақытхан Бәкірбаевты біржақты және бірнеше процедуралық қателік жасады деп айыптады, бірақ оларға судьяны ауыстырудан бас тартылған.
«Мен сейсенбіден бері нәр татпадым. Жетер. Егер олар мұны істеуді жалғастыра берсе, мүлде тамақ ішпеймін», — деді Баракат Мохамед.
Еске салайық, оқиға былтыр 24 қазанда «InterContinental» қонақүйінде болған. Таңғы сағат 06:00-де фойеде әйелдің қатты айғайлап жылағаны естілген. Оның күйеуі баланы қылғындырып өлтірген.
Бас жарақаттарын алған қызды құтқару мүмкін болмаған. Күдікті — Лондонда туған 41 жастағы Мохамед Баракат, «Hong Kong Air Cargo» әуе компаниясының ұшқышы. Ол қамауға алынды. Ұлыбританиялық ер адамның ісі бойынша негізгі сот талқылауы осы жылдың маусым айының соңында басталды.