Осыдан біраз уақыт бұрын карантинге жабылған Алматы облыстық сотынан карантин режимі алынып тасталды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Короновирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты Алматы облыстық сотынан күшейтілген режим алынады. Сот жұмысын күшейтілген карантин шаралары негізінде жалғастыратын болады.
Сондай-ақ, сот өндірісіндегі барлық санаттағы істер қайта жаңарады.
«Сот ісіне қатысы бар тұлғаларға сот отырыстарының қаралу уақыты міндетті түрде алдын ала хабарланады. Сот отырыстары тек қашықтықтан өтеді. Барлық құжаттар тек электронды түрде қабылданады. Азаматтар мен сотқа келушілерден уақытша қабылданған шараларға түсіністікпен қарауды сұраймыз», – деп толықтырады Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, 10 маусым күні Алматы облыстық сотының 9 судьясынан коронавирус анықталып, сот ғимараты карантинге жабылған болатын.