Қарасай ауданында білім саласы бойынша ең өзекті мәселенің бірі – үш ауысымды мектептер. Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде олардың саны 12-ге жеткен. Алайда бұл мәселені оңтайлы шешу үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, кейбір мектептерге қосымша жапсаржай салынса, бірқатар елді мекендерде жаңа білім ошақтары бой көтеруде. Нәтижесі де жоқ емес. Соның айғағы ретінде бүгін ашылған Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиясының жапсаржайын айтуға болады.
600 оқушыға арналған қосымша ғимарат аптаның алғашқы күнінде толықтай қолданысқа берілді. Оның ашылуына Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, Қарасай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсел Еркімбаева, Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Серік Үмбеталиев қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Рустам Әмірғалиұлы ғимаратты толықтай аралап, ұстаздар қауымын құттықтап, білім ұйымының басшысы Сәуле Махамбетова мен оның әріптестерінің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Мектеп-гимназияның үш ауысымда оқығаны осы уақытқа дейін оқушыларға да, ата-аналарға да қиындық тудырғаны белгілі. Енді олар жаңа ғимараттың ашылғанына қуануда.
Айта кетейік, Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназияның жапсаржай құрылысы 2021 жылдың мамыр айында басталған. Оған мердігер мекеме «КапСтройГрупп-Т» ЖШС жауапты болды. Жаңа ғимараттың ішінде 25 оқушыға арналған 26 кабинет, 180 орынға арналған АКТ залы, 200 адам сиятын асхана және кең көлемді спортзалы бар. Кабинеттердің барлығы заманауи талапта жабдықталған.