Алматы облысында эпидемиологиялық жағдай қиындап келеді. Кейінгі аптада коронавируспен ауырғандар саны екі есеге өсіп, 0,8% құрады, соңғы тәулікте 104 жағдай анықталды. Соған қарамастан карантин талаптарын бұзу әлі де жалғасып келеді. Бұл туралы бүгін Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов журналистерге арнап өткізген брифинг барысында айтты, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, алдыңғы екі айда ауруханаға 20-30 адам түссе, соңғы аптада күніне 100-ге жуық адам түсуде. Одан бөлек 52 жүкті әйел коронавируспен ауырып жатыр. Ал жедел жәрдемді шақыру екі мыңнан екі жарым мыңға дейін көбейген. Қазіргі кезде 1053 адам ауруханаларда стационарлық емде, 25 адам реанимацияда жатыр. «Бұл наурыз мерекелері кезінде тұрғындардың шектеу шаралары талаптарын сақтамаудың салдарынан туындап отыр», — дейді Батыржан Байжұманов.
Облыстың медициналық ұйымдары қажетті жабдықтармен және дәрілік препараттармен қамтамасыз етілген. Медициналық мекемелер жанынан құрылған 391 мобильді бригада пациенттерге амбулаториялық көмекті үйде көрсетуде.
«Өздеріңіз көріп отырғандай Алматы қаласында тәулігіне 400-ге дейін коронавирус инфекциясы анықталуда. Күнделікті Алматы қаласына облыс тұрғындарының көші-қоны жоғары болуына байланысты облыстағы жағдай қиындап отыр», — деді спикер өз сөзінде.
Өз сөзінде Б. Байжұманов инфекцияның таралуын азайтудың жолдарына тоқталып өтті. Бұл – біріншіден, карантиндік шараларды күшейту, екіншіден, демалыс күндері локдаун енгізу, қоғамдық орындардың жұмысын қысқарту, үшіншіден, вакцина қабылдау.
Жексенбі күндері мемлекеттік және кәсіпкерлік нысандардың аумағында жаппай дезинфекциялық шаралар жүргізілетін болады.