Осыдан бірнеше ай бұрын Жібек жолы ауылдық округінде үйлері өртеніп, күннің суығында далада қалған Турениязовтар отбасы жомарт жанды адамдардың арқасында баспаналы болды, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Естеріңізге сала кетейік, ағымды жылдың ақпан айында оқыстан шыққан өрт салдарынан үйі толығымен жанып кеткен Турениязовтар отбасы далада қалған болатын. Кейбір құжаттардан басқа дүние-мүлкінен дым қалмаған әулеттің оқиғасы әлеуметтік желілерде тарап, көптеген қамқор жандар отбасының қиын халіне алаңдаушылық білдіріп, жанашырлық танытқан еді. Көмекке мұқтаж болғандарға әрқашанда қол ұшын созатын халқымыз бұл жолыда үнсіз қалмай қиын жағдайда қалған отбасыға барынша қолдау көрсеткен. Бірі киіммен көмек көрсетсе, енді бірі ақшалай көмектескен. Біздің Naqty.kz желілік басылымның ұжымы да зардап шеккен отбасы жайлы видео түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп, оларға көмектің қажеттігі туралы ақпаратты таратуға барынша атсалысты.
Көптеп тараған ақпараттың арқасында тілсіз жаудың салдарынан зардап шеккен Турениязовтардың жағдайын естіген еліміздің жомарт азаматшасы бұл отбасына төрт бөлмелі үлкен үйдің кілтін табыстады. Осы ретте күні кеше баспаналы болған әулет өздерінің алғыстарын білдіру мақсатында көмек көрсеткен халықтың басын қосып, қоныс тойын тойлады.