Белгіленбеген жерде сауда жасау тек біздің ауданда ғана емес, көп шаһардың көшесінен көз алдыңызда көлденеңдейтін көрініс. Ал, қазір тәртіп пен талап, тазалық бірінші міндет. Бұл құқық бұзушылықпен ауданның атқарушы органдары жыл сайын күрес жүргізіп келеді. Осыған орай бүгін аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ілияс Қалиевтің бастауымен, заңсыз сауданың алдын алуға бағытталған арнайы комиссия құрылып, рейд ұйымдастырылды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Атап айтатын болсақ, бұл жолы Қаскелең қаласындағы «Жер-Ана» сауда базарының оңтүстік қақпасының алдында жаяу жүргіншілердің өтуіне кедергі болып отырған саудагерлер басты назарға түсті. Анықтау барысында кәсіпкерлердің аталған аймақта сауда жасауға рұқсат етілген куәліктері жоқтығы белгілі болды. Құрылған комиссия мүшелері саудагерлерге заңды сауда жасаудың әлдеқайда тиімді екендігін түсіндіріп, оларға Әкімшілік кодекстің 204 бабына сәйкес ауызша ескерту жасады. Рейд нәтижесінде алдағы уақытта заңсыз сауда-саттықты болдырмау бойынша Қаскелең қаласының әкімдігімен бақылау жұмыстары ұйымдастырылып, Қауіпсіздік комитетінен қадағалаушы бір маман бекітілетіні жөнінде шешім қабылданды.