Құрбандық малын шалуды қашықтан орындауға болады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров айтты, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
– Халықаралық астрономиялық институттардың болжамы бойынша, биылғы құрбан айт Алла қаласа 31 шілдеге сай келеді. Дегенмен, оның нақты күнін содан 10 күн бұрын жариялап айтамыз, – Ершат Оңғаров Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар, ол Құрбан айт мейрамы кезінде қатаң шектеу шаралары созылатын болса, онда басқарма тарапынан нақты жұмыстар қолға алынатынын айтты.
– Естеріңізде болса, Ораза айт кезінде карантинге байланысты айт намазы оқылмаған болатын. Бұл жағдайда да шектеу шаралары созылатын болса, айт намазын өкінішке қарай мешітте оқи алмаймыз. Алайда Құрбан айт мейрамы құрбандық шалумен ерекшеленеді. Құрбандық малын шалуды қашықтан да орындаса да, тапсырыс беру арқылы орындаса да болады. Алла қаласа, біз оған жағдай жасауға тырысамыз. Әрине, бұл ретте жергілікті әкімдік тарапынан реттеу жұмыстары болады. Құрбандық шалу уақытына келер болсақ, биыл 31 шілде деп отырмыз. Сол күні таңнан бастап үш күн бойы күн батқанға дейін құрбандық шалуға болады, – деді наиб мүфти.
Оның атап өтуінше, шариғат құрбандық шалуды барлық адамға жүктемейді. Тек жағдайы бар адамдарға ғана құрбандық шалу міндеттеледі.