ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәлімдеуінше елімізде жазғы демалыс кезінде балаларға білім беруге арналған «Пайдалы бос уақыт» атты жаңа жоба іске қосылды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Мәдениет және спорт министрлігінің жаңа қайырымдылық жобасы карантин демалысы кезінде балалардың ой-өрісін кеңейтіп, олардың рухани азық алуына және бос уақытын пайдалы өткізуге зор үлесін қосады. Жоба мақсаты – COVID-19 пандемиясына қарсы күрес жүргізіп жатқан медициналық қызметкерлердің отбасыларына қолдау көрсету. Оның аясында балаларға өнер және спорт бағыттары бойынша онлайн сабақ пен шеберлік сағаты ұсынылады. Онлайн сабақты белгілі өнер және спорт қайраткерлері тегін өткізеді.
Жаңа бастаманың басты ерекшелігі – балалар қызығушылығы бойынша онлайн сабақты өздері таңдай алады. Өнер бағыты бойынша: домбыра, фортепиано, скрипка, гитара, эстрадалық ән айту, сурет салу, актерлік шеберлік, ал спорт бағыты бойынша: еркін күрес, классикалық күрес, дзюдо, гимнастика, бокс, таэквондо сабақтары өтеді деп мәлім етті министрлік.
Балалар мен ата-аналардың ыңғайлылығы үшін жоба аясында жаңа платформа құрылды. Балалар қысқа сауалнаманы толтырып, үйлестірушілердің көмегімен сабақ кестесін ала алады.