Құмар ойын аппараттарын өз иелігіне қойдыратын жеке кәсіпкерлер ең бірінші кезекте оның нөмірінің қасында тұрған QR-кодқа мән берулері керек. Ол арқылы аппараттың заңды немесе заңсыз екенін білуге болады. Осы және де өзге алаяқтықтың схемалары жайлы Алматы облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері ақпарат беріп өтті, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Жоғарыда аталған мәселе бойынша бүгін ауданымызға облыстан мамандар келіп, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің, мемлекеттік кірістер басқармасының және аудан кәсіпкерлерімен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Департаменттің жедел уәкілі Жалғас Ермекұлының айтуынша, бүгінде еліміз бойынша млн-ға жуық адамдар алаяқтардың тұзағына түсіп, қаржыларынан айырылып қалған. Әсіресе, соңғы уақыттары әлеуметтік желілерде адамдарды ақшаға алдаудың түрлері көбейіп кеткен. Мәселен, қазір инстаграм парақшаларында «500-2000 мың теңге ақша салсаңыздар ыдыс немесе өзге бағалы сыйлықтарды ұтып аласыздар» немесе «құны 50-100 теңге тұратын лотереялық билеттер сатып алып, ойнатсаңыздар кішігірім сыйлықтан бастап көлік ұтып алуыңызға мүмкіндігіңіз бар» деп алдайтын алаятық топтар толып артылады. Осы ретте департамент өкілі мұндай ойындарға қатысқан адамдардың ішінде бір-екеуі ғана сыйлық алып, қалғандарынын ақшасы өзгенің қалтасына кететіндігін түсіндіріп, ондайды кездестірген кезде бірден Алматы облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне сенім телефонына (8 727 79-20-86) немесе құқық қорғау органдарына хабарласу керектігін жеткізді. Бұған қоса Жалғас Ермекұлы әртүрлі қылмыстық пирамидаларды жарнамалайтын блогерлерге байланысты Парламентке ұсыныс жіберілгендігін, алдағы уақытта оларға да қылмыстық жаза қолданылатындығын мәлімдеді.
Мұнан бөлек департаменттің тағы бір жедел уәкілі Бақытжан Бауыржанұлының мәлімдеуінше, бүгінде құмар ойындарына арналған аппараттар еліміз бойынша әлі де жұмыс істеп тұрғанымен, оларды заңсыз орнататын кәсіпкерлер қатары азаймаған. Осыған байланысты ол жиынға қатысып отырған кәсіпкерлермен жұмыс жасайтын мамандарға кімде кім ойын аппараттарын заңсыз қойғызуға рұқсат берсе, оның иесімен бірге қылмыстық жазаға тартылатындығын айтып, бұл ақпаратты кәсіпкерлерге жеткізуді сұрады. Аталмыш аппараттың заңды екенін оның нөмірінің қасында арнайы қойылған QR-код арқылы білуге болатындығын түсіндіріп, заң бұзушылықтар табылса бірден департаментке хабар беруді өтінді.