Ауданымыздағы өнерлі жастарды тәрбиелейтін «Қалбибі» өнер студиясынын талапкерлері Өзбекістан мемлекетінде өткен байқаудан жеңіспен оралды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымының тілшісі.
Ауданымыздың мәдениет саласының дамуына және жас дарынды жеткіншіктердің бойындағы қабілеттерін жетілдіріп, үлкен өнер тұғырына шығуға атсалысып жүрген «Қалбибі» өнер студиясынын шәкірттері тағы да жеңіс тұғырынан көрінді.
Жуырда, яғни, 3-8 мамыр аралығында Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында «Шығыс раушаны» атты балалар және жастар шығармашылығына арналған II халықаралық байқау өткен болатын. Байқауға биыл Өзбекстан, Болгария, Қазақстан, Қырғызстан, Үндістан, Әзербайжан, Тәжікстан және де Ресей сияқты мемлекеттерден әншілер мен шығармашылық топтар қатынасты. Осындай үлкен байқауға тас түйін дайындықпен барған жерлестеріміз де сынға түсіп, өз шеберліктерін дәлелдеп жүлделі орындармен оралды. Атап айтқанда, қазақтың әні «Молдалай» мен фрацуздың әні «Пардона муаны» орындаған ауданымыздың жас әрі талантты әншісі, бірнеше рет республикалық және де халықаралық байқаулардың жеңімпазы, аталмыш вокалдық студияның шәкірті – Нұрлыбек Сапарбаев бас жүлде – гран приді иеленді. Ал, Ыбырайдың әні «Гәккуді» орындаған Ғаламат Жұмабай жүлделі үшінші орынды алды. «Шығыс раушаны» байқауының лауреаттары атанған Нұрлыбек пен Ғаламат жеңімпаздар Болгария мен Бішкекте вокалдан өтетін халықаралық дәрежедегі байқауға жолдама алды. Сондай-ақ, дарынды балаларға арналған осы байқауға «Қалбибі» өнер студиясынан атынан барған Нұрасыл Ермек, Бекзат Есберген, Аружан Ермек, Сағымбай Камила мен Арыстар Серікхан бірінші дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Аудан орталығында орналасқан, білікті ұстаз Қалбибі Абдуллаева басқаратын балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының шәкірттерін жеңістерістерімін шың жүректен құттықтаймыз!