Нұр-Сұлтандағы Jekpe-Jek Saraiy спорт кешеніне Жақсылық Үшкемпіровтің аты берілді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен әрі қолдауымен Елордамыздағы Жекпе-жек сарайына ресми түрде даңқты балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың есімімен аталатын болды. Бұл шешім былай қабылданған еді…», — деп жазды ол.
Айта кетейік, бұл сарай 2019 жылдың 6 шілдесінде ашылды. Онда 25 метрлік бассейн, жаттығу және күрес залдары, футбол алаңы, сондай-ақ жайлы қонақүй бар. Құрылысты «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жүзеге асырған. Жобаның құны шамамен 19,5 миллиард теңге.