Бейбітшіліктің символына айналған Ұлы Жеңістің 80 жылдығы Қарасай жерінде ерекше форматта атап өтілді, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Батыр бабалар сыйға тартқан дәл осы күнді ұлықтау шарасы Қаскелең қаласындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоя рәсімімен басталды. «Ұмытылмас Ұлы Жеңіс» деп аталған салтанатты басқосуда алдымен жиналған жұртшылық қан майданда құрбан болған жауынгер жерлестерімізді бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан кейін аудан басшысы Жасұлан Естенов бастаған ауданның зиялы қауым өкілдері боздақтарға тағзым етіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет етудің тағы бір рәсімі Қаскелең қаласының Қарасай батыр мен Мақашев көшелерінің қиылысында жалғасты. Мұнда Кеңес Одағының даңқты батыры, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының муралы салтанатты түрде ашылды. Көпқабатты үйдің қабырғасындағы жауынгердің бейнесі көпшілікке таныстырылған соң, аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлының, құрметті қонақтар, полковниктер – Мәлік Қалиев пен Омар Ермековтің және аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақыновтың қатысуымен ресми түрде муралдың лентасы қиылды. Сондай-ақ аталған полковник азаматтар Бауыржан Момышұлының батырлығын сөз етіп, жылы лебіздерін білдірді. Дәл сол сияқты даңқты қолбасшының ерлігі жайлы ауданның белсенді тұрғыны Несіпбала Әбділдаева да ой бөлісті.
Даңқты жауынгердің муралы ашылған соң, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шара аудандық Мәдениет үйінің алаңындағы мерекелік концертке ұласты. Оның аясында бұл жерде бұрын соңды аудан тарихында болмаған кеңестік ретро көліктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ аудандағы колледж студенттері соғыс даласынан көрініс қойып, оқ пен оттың арасындағы батырлардың ерліктерін сипаттады. Ал алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері оқушылармен сап түзеп, Қазақстан Қарушы күштерінің үш құрылымы, яғни құрлық, әуе, теңіз әскерлерінің жауынгерлік міндеттерін көрсетті. Одан бөлек әскери жарыстар ұйымдастырылды.
Осы аталған көрме мен көріністердің барлығымен аудан әкімі Жасұлан Естенов арнайы танысып шықты. Одан кейін аудан басшысы сахна төріне көтеріліп, күллі Қарасай жұртшылығын Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады. Батыр бабалардың ерлігі бүгінгі ұрпаққа ұран екенін айтып, елдің амандығы үшін ақ тілегін білдірді.
Мерекелік шарада аудан өнерпаздарының қатысуымен майдан төсіндегі сәттер сахналанып, әуезді, патриотты, рухты әндер шырқалды.