Мерейтойға арналған аламан бәйге

Мерейтойға арналған аламан бәйге

Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған аламан бәйгеде қызылордалық шабандоз су жаңа көлік жеңіп алды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы.

Қасиетті Қарасай ауданымыздың 90 жылдық мерейтойы екі күн жалғасқаны баршаңызға мәлім. Алғашқы күні аудандық мәдениет үйінде «Қарасай батыр – Ұлы даланың тарихи тұлғасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп, «Қарасай – тарихи атамекен» атты кітаптың тұсаукесерімен жұпталды. Мұнан соң, мерекелік дата айтулы ақындардың айтысымен жалғасса, екінші күнінде орталық алаңда Қарасай батыр ескерткішінің ашылуы көпшілікті қуантқан еді. Салтанатты рәсімнен кейін аудандық Мәдениет үйінде үлкен концерттік іс-шара ұйымдастырылса, ал, ауданның 90 жылдық мерекесі Жандосов ауылдық округінде орналасқан «Нұрдаулет» иподромында өткен аламан бәйгемен аяқталды. Бәйге – ұлттық спорттың ішіндегі ең маңыздысы болғандықтан, дүбірлі тойда қорытынды іс-шара болғаны бекер емес. Жылқы болған жерде бәйге де бар. Қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіров айтқандай, «жанына халқымыздың жылқы жаққан…» немесе ескіден жеткен есті сөз «Ер қанаты – ат» сияқты тәмсілдерде бағзы заманның сыр-сарыны жатыр. Иә, қазақтың дәстүрлі спортына республикадан жиналған үздік 49 шабандоз қатысты. Үш бөлікке бөлінген жарыста ең алдымен 11 шақырымдық құнан бәйге, 16 шақырымдық топ бәйге мен 24 шақырымдық аламан бәйге болды.

Дарабоз ойыншылардың алғашқы сайысы құнан бәйгеден басталып, өте тартысты болғаны көрермендердің қолдауынан байқалды. Екі жасқа дейінгі жылқылардың бәйгесінде топ жарып, жеңімпаз болған жерлесіміз, қарасайлық Ерсұлтан Нұрболұлы еді. Қарлығаш есімді сәйгүлігі өзінің қарсыластарына дес бермей, иесіне су жаңа көліктің кілтін сыйлады. Ал, топтық бәйге де өз деңгейінде көрермендерге керемет әсер қалдырғаны рас. Онда адам саны 19-ға жетіп, аттың құлағында ойнайтын спортшылардың жеңіске деген ұмтылысына барлығы тәнті болды. Жүйріктердің алдында Нұрсұлтан қаласынан келген Нұрдаулет Әкімжанов келіп, 1-ші орынды қанжығасына байлады. Бұл жеңімпазғада Астана есімді жылқысы темір тұлпардың кілтін бұйыртты.

Ең соңғы жарыс – Аламан бәйгені көпшілік асыға күтті. Ара қашықтығы 25 шақырымға созылатын жарыста шабандоздардың дайындықтары да жақсы дәрежеде болды. Алдын ала тұлпарларын дайындаған азаматтардың жеңіске деген ниеттері де айқын көрінді. Бәйге басталып, зымырап кеткен 15 спортшының ішінде 6-шы айналымның өзінде 10-ға жуығы ғана қалды. Сайыста жалпы 12 жарым айналым еді. Күш жігерін толық жұмсаған шабандоздардың қатары 10-шы айналымда сегізге түссе, соңғы сәтте мәреге келген жеті спортшының ішінен Қызылорданың тумасы Бердібек Мұқанов топ жарды. Қарсыластарына дес бермей, шаң қақтырған спортшы да басты жүлде су жаңа көлікке ие болды.

Жүлделі болған азаматтардың қатары мұнымен тоқталмай, екінші, үшінші орын алған азаматтарға қаржылай, кубок, медальдармен қатар, жаңа көліктің кілттері де табысталды. Сондай-ақ, алғашқы болмасада, өнерлерін көрсетіп, көрермендерді тәнті еткен төртінші, бесінші орын алғандар да ақшалай ұтыспен үйлеріне қайтты. Ал, бұл үздіктерді марапаттаған ауданымыздың аудандық ардегерлер кеңесінің төрағасы Едіген Жүнісбеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов пен Райымбек ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Иманжан Мамырбаев еді.

 

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях