Алдағы бес жылға арналған мемлекеттік бюджет шығындарын 1,3 триллион теңгеге ұлғайту жоспарланып отыр. Шығындардың жалпы көлемі 15 триллион теңге мөлшерінде болады, – деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Заң жобасы 2021 жылғы сәуірде 2021-2025 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын нақтылауға байланысты әзірленіп, іске асыруға бағытталғаны айтылды:
– Nur Otan партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!»;
– Президенттің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмалары»;
– COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі шаралар;
Мұнайдың әлемдік бағасы бойынша болжам барреліне 35 доллардан 50 долларға дейін өскен. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ-нің нысаналы өсімі 3,1 пайыз деңгейінде жоспарланған, бұрын 2,8 пайыз болады деп болжанған.
«ЖІӨ көрсеткіші 2021 жылы 77 миллиард 869 миллион теңге мөлшерінде болжанған. Бұл мақұлданған болжамнан 1 миллиард 207 миллион теңгеге жоғары. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 9 миллион 655 мың доллар», –делінген қорытындыда.
Республикалық бюджеттің нақтыланған шығыстары түзетілген бюджетке қатысты 1 триллион 277 миллиард 712 миллион 468 мың теңгеге ұлғайтылып, 15 триллион 333 миллиард 981 миллион 44 мың теңге мөлшерінде болжанды. Сондай-ақ, бюджет шығыстарын ұлғайтудың негізгі бағыттарының жалпы сомасы — 1 триллион 487 миллиард 157 миллион 872 мың теңге. Коронавируспен күреске байланысты шараларға 265 миллиард 303 миллион 716 мың теңге жұмсалады.