Мемлекет басшысы Корея Президентімен кездесті

Мемлекет басшысы Корея Президентімен кездесті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Кореяның сенімді әрі стратегиялық әріптес екенін атап өтті.

– Екі халықтың мәдени және сауда байланыстары Ұлы Жібек жолы заманында өркендеп, ғасырлар бойы жалғасып келеді. Қазақ және корей тілдерінің Орал-алтай тобында болуы халықтарымыздың тарихының да жақындығын көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Оңтүстік Корея қарым-қатынастарының қалыптасып, нығаюына зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.

– Оңтүстік Корея Қазақстан үшін сауда-инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан маңызды он елдің бірі болып табылады. Өзара тауар айналымы көлемінің қарқынды өсуін ерекше атап өтемін. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша оның көрсеткіші рекордтық деңгейге, яғни 4 миллиард долларға жетіп, 2017 жылға қарағанда екі еседен астам өсті. Инвестиция саласындағы ынтымақтастығымыз жоспарлы түрде дамып келеді. Кореядан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 7 миллиард долларға жетті. Оңтүстік кореялық бизнес тамақ өнеркәсібі, кен байыту, автомобиль және экономикамыздың басқа да салаларында табысты еңбек етуде, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайтуға корей диаспорасы зор үлес қосқанын атап өтіп, кәрістердің Қазақстандағы ірі этникалық топтардың қатарына кіретінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде тұратын кәрістердің этномәдени ерекшелігін сақтау үшін Қазақстан Үкіметі бұдан былай да барлық жағдай жасайтынын айтты.

Корея Республикасының Президенті «Қазақстан – 2050» даму Стратегиясына оң баға беріп, Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстанның жоғары қарқынмен өркендеп келе жатқанын атап өтті.

– Қазақстан Корей түбегіндегі бейбіт үдерісті қолдайды. Осы сәтті пайдаланып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқаннан кейін экономикалық дамуға қол жеткізді. Бұл Корей түбегі үшін өте маңызды үлгі болып табылады, – деді Мун Чжэ Ин.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі өркендету тұрғысынан бүгінгі сапардың мәні зор екенін, Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның достығын одан әрі нығайтуға ықпал ететінін айтты.

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях