Мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші бойынша оларды оңалту мәселелері туралы бұйрыққа өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің айтуынша, жеке қабылдау, конференция режіміндегі жиналыстар мен жазбаша өтініштер аясында мүгедектігі бар адамдар көбінесе жеке көмекшінің қызметтерін ұсынуға қатысты ескертулер мен ұсыныстар қалдырған. 2020 жылдың шілде айынан бастап жеке көмекшілердің қызметтері әлеуметтік қызметтер порталына ауысады. Содан кейін мүгедектігі бар адаммен жеке көмекшінің арасында келісімшарт жасалады. Ерекше қажеттіліктері бар адамның жақын туыстары да жеке көмекші бола алады.
Еліміздің барлық облыстарында мүмкіндігі шектеулі жандар көмек көрсететін адамдардың қызметтеріне сағатына ақы төлеудің бірыңғай мөлшері белгіленетін болады. Бұйрықта бұған дейін бұл мәселе реттелмеген. Сондықтан әртүрлі өңірлерде жеке көмекшілердің жалақыларында елеулі айырмашылық болды. Алдағы уақытта оларға төленетін ақы бірыңғай соммада бекітіледі.