Дидар Смағұлов Ұлттық тестілеу орталығының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Тengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
– Біз Ұлттық тестілеу орталығының басшылығына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде жұмыс атқарған Дидар Смағұловты қызметке шақырдық. Дидар Смағұлов осы қызметті үлкен жауапкершілікпен атқарып, Орталықтың тек қана заңнамаға сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, жұмысын алға сүйреп шығады деп сенім білдіремін, – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Осыған дейін Смағұлов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіндегі департамент директорының орынбасары қызметін атқарған.
Еске салайық, тестілеу орталығының бұрынғы басшысы Рамазан Әлімқұлов қамауға алынған. Экс-басшы делдал арқылы «жүйелі түрде аса ірі мөлшерде пара алды» деген күдікке ілінген. Сондай-ақ, 6 маусымда Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның ұсталғаны белгілі болды. Ол 6 тамызға дейін қамауда болады. Оған пара алу және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылған.